07 қар, 2021 сағат 16:25

«Абай» шахтасында апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде


Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі сағат 15.00-дегі жағдай бойынша, апат болған «Абай» шахтасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазіргі уақытта құтқарушылар Қарағанды облысындағы "Абай" шахтасында орын алған төтенше жағдайдан кейін қазбалардан газ шығару жұмыстарын орындап жатыр. 

– Құрамында 12 адамы бар 2 тау-кен құтқару бөлімшесі метан газының кенеттен тарауынан кейін қазбаларды газсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Апаттық кенжарда атылғын тау-кен массасының ұзындығы шамамен 20 метрді құрайды. Шахтаның басқа жерлерінде ешқандай үйінділер жоқ, – деп түсіндірді Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің РОШ Қарағанды филиалының директоры Геннадий Силинский.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:37-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында төтенше жағдай орын алды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өздері жер бетіне шыққан. Метан газы тараған 3-К10 кенжарында сегіз адам қалған. Алтауы қаза тауып, екеуі зардап шекті, олардың жағдайы ауыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.