25 там, 2023 сағат 11:01

Абай облысында заңсыз ойын бизнесі тоқтатылды

Фото: © Sputnik / Нина Зотина

ҚМА Абай облысы бойынша Департаменті облыстық прокуратураның үйлестіруімен «Sport Bar» атауымен «букмекерлік кеңсе» атын жамылған заңсыз ойын бизнесі қызметін тоқтатты. 

«STOP Ойын» шарасы аясында облыстық полиция департаментінің «Арлан» арнайы жасағымен бірлесіп, Семей қаласында екі мекенжай бойынша банкноттарды қабылдайтын және қолма-қол ақшалай ұтыс беретін терминалдар, компьютерлер, ақша және т.б. заттай айғақтар тәркіленіп алынған. 

"Бір топ тұлғаның алдын ала келісімімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды. 

Айта кету керек, ҚР «Ойын бизнесі» туралы Заңына сәйкес бәс тігуді немесе жүлде беруді қолма-қол ақшамен іске асыратын букмекерлік кеңселер мен лотереялардың кассалары тек қана Алматы облысының Қапшағай су қоймасы жағалауында және Ақмола облысының Бурабай курорттық аймағында орналастырылуы тиіс" - делінген хабарламада.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.