15 шіл, 2023 сағат 09:22

Абай облысында "Qnet" қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 6 жылға сотталды

Фото: Depositphotos

Абай облысында "Qnet" қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

2018 жылы К. тәуелсіз өкіл сертификатын ала отырып, “Qnet” халықаралық компаниясының сайтына тіркелген. 2021 жылдың наурыз айының басында өнімді сату және тарату дағдылары бар К. Алматы облысының аумағындағы желілік маркетинг саласында қалыптасқан жағдайды зерттей отырып, халықтың экономикалық сауаттылығының төмендігін пайдаланып, заңсыз табыс табуға және пирамиданы басқаруға ниеттенген. Өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында К. бұрынғы танысы Б.-мен бірігеді.

"К. және Б. (Гонконг) Малайзияда тіркелген “Qnet” халықаралық компаниясы өнімдерінің интернет-саудасын пайдалана отырып, жасырын әрекет етті.  

Азаматтар бірлескен қызметке қатысу үшін, клубтық саяхат картасын сатып алу және “Qnet” компаниясының тәуелсіз өкілі ретінде тіркелу үшін 780 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейінгі мөлшерде жарна жасау керек болды" - делінген хабарламада.

Қаржы пирамидасының кедергісіз және үздіксіз жұмыс жасауы үшін және қатысушыларды көптеп тарту мақсатында Б және К., 2021 жылы кеңсені жалға алған. Сондай-ақ К. қатысушыларға психологиялық әсер ету үшін кездесулер, дәрістер, оқыту семинарларын өткізіп, кеңседе мұқият құрылған жарнама компаниясын ұйымдастырған.

Нәтижесінде К. және Б-ның қаржы пирамидасына Қазақстан Республикасының жалпы 30 азаматы қосылады. Олар сенім арта және адаса отырып жалпы сомасы 25 млн теңге қаражат салған.

"Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. ҚР ҚК-нің 217-бабы бойынша алты жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды және жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтейді" - делінген хабарламада.