28 қар, 2023 сағат 16:39

«Абай» баспасы шығарған 35 кітаптың тұсауы кесілді


Бүгін, 28 қарашада Ұлттық кітапхананың Н. Дәулетова атындағы залында «Абай» баспасы шығарған 35 кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Шараға оқырмандар һәм зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Темірхан Медетбек, Смағұл Елубай, Ұлықбек Есдәулет, Гүлнәр Салықбай, Бақыт Беделхан, Жарас Сәрсек, Ерлан Жүніс, Бейбіт Сарыбай сынды ақын-жазушылар, сондай-ақ Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Жарасқан Әбдірашев және Табылды Досымов сынды қаламгерлердің ұрпақтары болды.

Айта кетейік, «Абай» баспасы ұсынып отырған 35 кітап әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, минимализм дизайнда жасалған. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай хәкімнен басталып, әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен жалғасын тапқан кітаптардың ішінде оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар. Жинақтардың біразы бұрыннан қалыптасқан форма мен түстер галереясын, тіпті мазмұны мен тақырыбын да бұзып-жарып, жаңа тартымдылығымен оқырманға жол тартпақ.

Баспаның құрылтайшысы әрі директоры, ақын Ақберен Елгезек бұл кітаптарды басып шығаруға мемлекет қаржысы жұмсалмағанын атап өтті.

"Әр кітап мың данамен жарық көрді. Алдағы уақытта коллекцияны 100 томға жеткізу ойымызда бар. Бұл серия қазақтың бас ақыны хәкім Абайдан басталып, Дулат Бабатайұлы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлері, Кеңес Одағы заманының әйгілі қаламгерлері, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларын қамтиды. Ішінде кейбір авторлар жоқ. Басқа бір баспаларға авторлық құқығын беріп қояды. Біз барлығын заң шеңберінде жүзеге асыруымыз қажет. Осы орайда «Абай» баспасына, жеке өзіме сенім білдірген біздің класасиктердің мирасқорларына алғыс білдіремін.

Кітаптарды шығаруға қанша уақыт кетті деп сұрап жатыр. Бұл – алты айда жасалған жұмыс. Осы жерде авторларға, корректорларға, дизайнерлер мен баспагерлерге, жұмыла жұмыс істеген қызметкерлерге алғыс айтамын. Қарбалас боп жарық көрсе де, жүрекке жақын дүние. Бұл мемлекеттік тапсырыспен емес, баспаның қаржысымен шығарылды. Сол себептен кітаптарды нарыққа шығарамыз, түскен табыстың белгілі бір бөлігін авторларға береміз. Қазірдің өзінде кітап нарығынан ұсыныстар келіп түсіп жатыр", – дейді Ақберен Елгезек. 

Сондай-ақ ол  қазіргі орта буын ақын-жазушылары да назардан тыс қалмағанын айтады. Сөзінше, олардың қатарында Ерлан Жүніс, Танакөз Толқынқызы, Ұларбек Нұрғалым секілді белгілі авторлардың кітаптары қайта басылған.

Баспа құрылтайшысы сөйлеп болған соң кезек тұсаукесер рәсіміне де жетті. Кітаптарға байланған қызыл лентаны көрнекті қаламгерлер Ұлықбек Есдәулет, Смағұл Елубай және Темірхан Медетбек кесті. Осылайша, көркем әдебиетке сусаған қазақ оқырманы алдағы уақытта мазмұны мен мұқабасы келіскен жаңа жинақтармен қауышпақ.