Алматы оқушылары 200 мемлекеттік, 50 жекеменшік мектепте білім алып жатыр. Жаңа оқу жылы қарсаңында жекеменшік мектепте бала оқытуды қарапайым халықтың қалтасы көтере ме, жоқ па - анық-қанығын сұрап білдік, деп жазады ҚазАқпарат тілшісі .
Алматыда меншік түріне қарамастан мектептердің барлығында ата-аналар ортақ қорға ақша өткізеді.
Тек мемлекеттік мектептерде қорға ақша өткізу ерікті-мәжбүрлі болса, жекеменшік мектептерде бұл міндетті төлем болып табылады.
Мемлекеттік мектепке баласын оқыту үшін ата-аналарға тұрғылықты мекенжай бойынша құжат өткізу керек.
«Ата-аналар мектепке баланың туу туралы куәлігі мен денсаулығы туралы анықтама, 3х4 өлшемді фотосурет, тұрғылықты мекенжайы туралы құжат әкеп, арыз жазып кетуі тиіс», - деді қалалық білім беру басқармасынан.
Егер ата-ана жеке мәселелерге байланысты 31-тамызға дейін құжат тапсырып үлгермесе, электронды үкімет арқылы мәселені шешуге болады.
Жекеменшік мектепке қажетті құжаттардан бөлек, өзара келісімге қол қойылуы тиіс. Бүгінде Алматыда жекеменшік мектептерде бала оқыту үшін жылына 150 мың теңгеден бастап 7 млн теңгеге дейін төлеуге тура келеді.
Қазақстанда элиталық мектептер арасында Haileybury Almaty, «Мирас» және «Достар» халықаралық мектептері көш бастап тұр. Бұл білім ошақтарында оқушыны бір жылдық оқыту құны 8 млн теңгеге дейін жетеді. Бұл тек оқыту процесіне ғана төленетін сома, одан бөлек тестілеу мен алғашқы салым тағы бар. Haileybury Almaty мектебінің оқытушылары айтқандай, баланы оқыту құны баланың жасына қарай өсіп отырады.
«1, 2-сынып оқушылары үшін біздің мектепте оқу құны - 6 млн 646 мың теңге. 3-4 сынып оқушылары үшін оқу 1 млн теңгеге қымбаттай түседі. 7-сыныптан бастап оқу одан әрі қымбаттайды. Себебі, бұл сыныптарда қосымша тестілеу жұмыстары, емтихандар қосылады. Стандартты құжаттан бөлек, ата-аналар бұл мектептерге 428 мың теңге кепілдік төлем төлеуге міндеттеледі. Ата-аналар мектептен шыққан жағдайда кепілдік соманы қайтара алады. Жаңадан келген оқушыға 37 мың теңге төлеуге турал келеді. Білім беру жүйесі орта білім беру басқармасынан ерекшеленеді. Себебі бізде британдық білім беру жүйесі бар. Бұл ақшаға тамақтану мен оқу кіреді», - деді Haileybury Almaty мектебінің есеп бөлімінен.
Сонымен қатар, аталған мектеп оқушылары ҰБТ тапсырмайды. Олар мектеп бітірген соң жоғары білім алуға шетелге кетеді.
Оқу ақысының құны бойынша екінші орында «Мирас» халықаралық мектебі тұр. Мектептің ресми сайтында көрсетілгендей, оқу құны 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін. Канцеляриялық құралдарды, аяқ киім, спорт формасын қоспағанда, мектеп формасының өзі 43 мың теңгеге айналады. Егер аталған мектепте бір отбасының 2 баласы оқып жатқан болса, екіншісіне - 5 %, үшінші балаға 10 % жеңілдік болады.
Ал «Достар» халықаралық мектеп-лицейінде барлық сынып оқушыларын оқыту құны бірдей.
«Біздің мектепте бір айлық оқу құны - 185 мың теңге шамасында. 9 айға 1 665 000 теңгеге айналады. Одан бөлек, алдын ала төленетін кепілдік сома - 400 000 теңге бар. Оқушыны үйіне жеткізу үшін 35 000 теңге тағы төленеді», - деді мектептен.
«Достар» мектебінде оқитын баласына ата-аналар отандық «Гласман» фирмасынан форма алады. Киімнің құны 17 000 теңгеден басталады.
Белгілі психолог Оксана Тарнопольскаяның айтуынша, ата-аналар қаржылық жағдайға байланысты таңдау жасауы керек.
«Барлығы ата-ананың мүмкіндігі мен принциптеріне байланысты. Олар болашақта балаларын кім ретінде көргісі келеді. Ақылы мектептердің тек ақшасы ғана маңызды емес, бірақ мұнда баламыздың қоғамға қарым-қатынасы қалыптасады. Егер балаңыз элиталық мектепте 10 жыл оқыса, бұл тек оқу ғана емес, балалар мерекесі, демалыстар, алмасып оқыту, көңіл көтеру шаралары кіреді. Мұның бәрі ақшаға кеп тіреледі. Жекеменшік мектепте оқыту - адамның өмір сүру образы», - деді психолог Оксана Тарнопольская.
Психологтың айтуынша, қаржысы жетпесе де, баласын оқытуға бар жиғанын беретін ата-аналарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.
«Себебі, дәулетті отбасынан шыққан балалардан сіздің балаңыз қатардан қалмауы маңызды. Олай болмайтын болса, балаңызды «өмірде ең маңыздысы ақша емес» деген қағидамен тәрбиелеуіңіз керек», - деді О.Тарнопольская.
Айта кету керек, бүгінде Қазақстанның барлық мемлекеттік мектептерінде жан басына шаққандағы білім беру жүйесі енгізіліп келеді. Келесі жылдан бастап Қазақстанның барлық мектептері осы жүйеге көшеді. Мемлекеттің мектептерге бөлетін қаржысы оқушы санына қарай беріледі. Биылғы мәлімет бойынша, бір баланы оқытуға мемлекет жылына 206-300 000 теңге бөледі.
Ал, Алматыдағы оқу ақысы ең қымбат және білімі сапалы 10 жекеменшік мектептің тізімі мынадай:
1. Haileybury Almaty, бір оқу жылындағы табысы - 1, 674 млрд теңге
2. "Мирас" халықаралық мектебі, бір оқу жылындағы табысы - 1, 615 теңге
3. Физика-математика бағытындағы "TAMOS Education" мектебі, бір оқу жылындағы табысы - 1, 295 млрд теңге
4. "Достар" халықаралық мектеп-лицейі, бір оқу жылындағы табысы - 726, 8 теңге
5. "Тұран" мектеп-лицейі, бір оқу жылындағы табысы - 348 млн теңге
6. Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейі, бір оқу жылындағы табысы - 276, 3 млн теңге
7. Қазақ-Америка университеті жанындағы орта мектеп, бір оқу жылындағы табысы - 245, 7 млн теңге
8. "Престиж" мектебі, бір оқу жылындағы табысы - 214, 6 млн теңге
9. "Лидер" мектебі, бір оқу жылындағы табысы - 162 млн теңге
10. Ұл балаларға арналған қазақ-түрік лицейі, бір оқу жылындағы табысы - 119, 1 млн теңге
қосымша деректер: "Ұлт ақпарат"