04 қыр, 2019 сағат 19:33

8 айдың ішінде Алматы облысында 502,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді - Мұрат Маратұлы

«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы және ірі кәсіпорын басшыларының қатысуымен семинар өтті. Ашық диалог форматындағы шарада шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жайы сөз болды.

Баяндама жасаған «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Мұрат Бекмагамбетов облыстағы экономикалық өсімді бақылап отыратындығын жеткізді. 

– Соңғы 8 айдың ішінде Алматы облысында 502,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға көп. Өңірдің 30-дан аса кәсіпорны өнімдерін экспорттайды. Сондай-ақ, кез келген кәсіпорынға нарықта брендті қалыптастыруға, грант, тапсырыстарды алуға көмектесуге әзірміз, – деген Мұрат Маратұлы кәсіпорын субъектілеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке тоқталды. 

Өз кезегінде облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының маманы Мейрамгүл Шакинова аймақтың өндіріс әлеуетін 1300-ден аса кәсіпорын көрсететіндігін айта келе:

– «Экспорт 2020» бағдарламасы аясында 2018 жылы жергілікті  кәсіп-орындар Моңғолия, БАӘ ұйымдастырған сауда миссиясына қатысты. Мәскеу, Ашхабад, Ташкент және Шанхай сынды қалаларда өткен көрмеге «Dolce» ЖШС, «Тиккурила», «Лепсі өнімі», «Sintez-KZ» медицина холдингі қатысып қайтты. Одан бөлек, «Өнімділік 2020» бағдарламасы аясында 2018-2019 жылдары технологиялық процестерді толықтыру мақсатында 80 млн. теңге қаржы бөлінген, – деді. 

Сондай-ақ, жиын барысында қатысушылар тарапынан өнімді экспорттаудың тиімді жолдары, брендті қалыптастыруға байланысты сұрақтар қойылды. 

Семинар соңынан «ҚИЭО» АҚ және облыстық басқарма басшылары екеуара ынтымақтастық меморандумына  қол қойды.

Еңлік ҚАБДЕШ