"7-20-25" бағдарламасы іске қосылғаннан бері өтініштердің 23 проценті банктер тарапынан мақұлданбаған. Бұл туралы бүгін "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алтынбековтің айтуынша, "7-20-25" бағдарламасы іске қосылған уақыттан бері барлық берілген өтініштің 23 проценті немесе 2457 өтінім банктер тарапынан мақұлданбады.
"Оның негізгі себептері – несие тарихының бұзылуы мен ресми табыстың болмауы", - деді ол үкімет отырысында.
Ол несие алушылардың негізгі бөлігін 25 пен 35 жас аралығындағы азаматтар құрайтынын атап өтті. Ипотекалық несиенің орташа сомасы Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында – 13 миллион теңге, қалған өңірлерде – 9 миллион теңге. Кредиттің орташа мерзімі – 20 жыл.
"Бұл қазіргі таңда бағдарлама аясында аймақтарда қойылған шекті бағалардың азаматтарға баспана алуға кең көлемде мүмкіндік беріп отырғанын көрсетеді. Және нарықта пәтер бағасының өсуіне тежеу қойып отыр", - деді Алтынбеков.
Айтуынша, қазір "7-20-25" бағдарламасы 8 банк арқылы жүзеге асырылуда. 14 наурыздағы мәлімет бойынша 120 миллиард теңгеге 10 500 өтінім берілген, оның ішінде банктер 72 миллиард теңгеге 6165 өтінімді мақұлдаған.
Жыл басынан бері берілген несие портфелі 49 процентке ұлғайып, 19 миллиард теңгеге 1639 кредит берілді.