31 мам, 2018 сағат 08:55

31 мамырды "Ашаршылықтан қырылған халықтың жалпыұлттық аза тұту күні" деп атау ұсынылды

Қазақстан Жазушылар одағында Алаш арыстары мен ашаршылық құрбандарына арналған "Əн - мінəжат, жыр - дұға" атты рухани кеш өтті. 

Кешке Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдəулет, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл Елубай, жазушы, драматург Софы Сматаев, Халықаралық "Алаш" əдеби сыйлығының иегері, ақын Жəркен Бөдешұлы, ақын Жарас Сəрсек, алаштанушы, журналист Болат Мүрсəлім, т.б. танымал тұлғалар қатысты. Кешті Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары, ақын Бақыт Беделхан жүргізді.

Алғаш болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдəулет: "Бұл - бір жағынан жазықсыз құрбандарды қастерлеу күні болса, бір жағынан оларды еске алып, аза тұту күні. Осы қасиетті қара шаңырақ - Жазушылар одағында атылған арыстарымыздың табанының ізі, естеліктері қалмаса да, рухымен демеп, қолдап тұрғатындай. Өйткені, қазақтың сол үлкен арыстарының біразы осы Жазушылар одағын құруға атсалысқан адамдар қатарынан. Кеңес одағының қызыл террорының жалғасы ретінде "асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деп халықты аштыққа, қырғынға ұшыратқаны, одан бергі жылдарда Алаштың ардақты арыстарын шетінен құрбандыққа шалғаны, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратқаны, халықтың қаймақтарын қалқып алып, қалғанын тентіретіп жібергендей зобалаң күйге түсіргені əлі əлемдік тарихтан өз бағасын алған жоқ. Бұрын-соңды болмаған қырғын күні белгіленіп, тағзым ететін, еске алатын, аза тұтатын, ардақтайтын, қастерлейтін атаулы күнді арналғанының өзіне біз іштей шүкіршілік етеміз", - деді. 

Кезекті сөз алған жазушы Смағұл Елубай: "Ресми түрде "31 мамыр қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні" деп аталды. Мен осы атаудың өзінде бір шикілік бар екенін айтқым келеді. Ашаршылық - елу жыл бойы совет идеологиясын үркіткен сөз. Тəуелсіз Қазақстан тұсында да сол заңды қабылдайтын кешені коммунистеріміз үркіп, ашаршылық деген сөзді алып тастаған болатын. Бұл 1995 жылы болған оқиға. Сөйтіп, қуғын-сүргін құрбандарын ғана қалдырды. Бұл ашаршылықтан кеткен 4 млн. халықтың аруағына жасалған қиянат болды. Меніңше, бұл мәселе қайта қаралуы тиіс. Жəне бұл апаттың аты "Ашаршылықтан қырылған халықтың жалпыұлттық аза тұту күні" деп аталуы керек", - деді.

Алаштанушы-журналист Болат Мүрсəлім: "Мағжанның "Сабатаев Сатылған, көшеде жүріп атылған" деген өлеңі бар. Сол "Сатылған Сабатаев" осы Жетісу өңірінен шыққан алашордашы, Алашорда үкіметінің мүшесі болған азамат. Сол кісі Жаркентте оқ тиіп, қаза болған. Мағжанның бұл өлеңі тегін өлең емес. Өйткені, сол кезеңде қазақтың қай зиялысы болсын, тоталитарлық жүйенің сақтап отырған оғы болған. Совет үкіметі ең алғаш құрылған күннен бастап, қанды үкімет болатын. Билікке келуінің өзі заңсыз, қанды жолмен келген. Ленин де, Сталин де соның бəрін заңдастырып отырған. Қазақ зиялыларының арасындағы топтасу, текетірес репрессияның басы емес еді. Ол жай ғана кез келген халықта болатын өз зиялыларының арасында болатын текетірес еді. Ал оның ұйымдастырушысы - Мəскеу болатын", - деді. 


Кеш барысында Еркін Шүкіман, Сəулежан Тақзия сынды танымал əншілер Алаш арыстарына арналған əндерді орындаса, Бақыт Беделхан, Жарас Сəрсек, Бағдат Мүбарак сынды ақындар өлеңдерін оқыды. 


Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағының жаңа мүшелері - Мұрат Шаймаран, Сəкен Сыбанбай, Жаңылхан Асылбекова, Ардақ Нұрғазы, Дəурен Қуат, Қойшыбек Мүбарак, Дмитрий Иванов, Ырысбек Дəбей, Ерболат Тұрсынбек, Тоқтарəлі Таңжарық, Дархан Бейсенбекұлы, Мақсат Рамазанұлына куəлік табысталды.