10 қар, 2023 сағат 00:30

3 ЖЭО салуда таңдау неліктен Ресейге түсті – Сәтқалиевтің түсіндірмесі

Фото: Евгений Павленко, Коммерсантъ

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Көкшетау, Семей және Өскемен жылу электр орталықтарын салу үшін таңдау неліктен Ресейге түсіп отырғанын айтты, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойдық. Құжат Қазақстанда жылу электр орталығын салуға өзара мүдделікті бекітеді. Электр энергетикасы саласын дамыту жоспарына сәйкес, Көкшетау, Семей және Өскеменде ЖЭО салу көзделген. Бұған дейін министрлік ашық инвестициялық тендер негізінде аталған стансалардың құрылысына қатысты жұмыс жүргізген еді. Тендерлер өткен жоқ», - деді министр Ақордада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, аталған нысандарды салуға ниет танытқан инвесторлар табылмай отыр.

«Аталған ЖЭО-лар көмірмен және газбен жұмыс істеуі тиіс болуына байланысты біршама мәселе бар. Бұл ретте ол көмірмен жұмыс істейтіндіктен халықаралық қаржы институттары қаржыландыруға дайын емес. Шығарындыларға, яғни қоршаған ортаны қорғауға қатысты барынша қатаң талап қойдық. Аталған конкурстарға қатысуға, өз тараптарынан қаржымен қамтамасыз етуге дайын елдердің көп болмауына байланысты осы меморандумға қол қойдық және ресей тарапының Қазақстанда ірі ЖЭО салу процесіне қатысуға мүдделілігін бекіттік. Біз құрылыстың бастан-аяқ салынғанына қызғушылық танытамыз. Яғни, бас мердігер тек салып қана қоймай, пайдалануға беру, іске қосу және ретке келтіру жұмыстарын қамтамасыз етуі қажет. Нәтижесінде біз Қазақстанның экологиялық, техникалық, эксплуатауиялық стандарттарына сай жұмыс істейтін энергетикалық нысан алуымыз қажет. Қазір бастапқы сатысы болғандықтан әзірше, сомасын айта алмаймын. Егер, жылдың соңына дейін үкіметаралық келісімге қол қоятын болсақ, онда тыңғылықты жобалауға кезеңіне шамамен жарты жыл кетеді деп ойлаймын. Меніңше, келесі жылы құрылыс жұмыстарына кірісетін шығармыз», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Осы орайда министр ЖЭО салу үшін неліктен таңдау Ресейге түскендігін түсіндірді.

«Біз бірнеше мәрте конкурс өткіздік. Бірақ, ешкім қызығушылық танытпады. Бұл ұсынысты ниеттестік тұрғысынан қарастырамыз. Келіссөздер сәтті аяқталған жағдайда дәл осы ресейлік мердігерлермен жобаны жүзеге асыруға көшуге мүмкіндік болады. Ресейлік тарап ұсынысының басымдығы – бұл қаржыландыруға, үздік технологияларды ұсынуға дайындығы. Мұның үстіне ресейлік әріптестердің Қазақстанның күрделі, күлі көп көмірін жағуда бірегей тәжірибесі бар», - деді ол.