30 жел, 2025 сағат 17:08

2025 жылы Мәжіліс депутаттары қандай мәселе көтеріп, қандай заң шығарды?


Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
29 желтоқсанда Парламенттің төменгі палатасы биылғы жылдың соңғы жалпы отырысын өткізді. Жаңа 2026 жылға аяқ басқан бесінші шақырылым депутаттары 2025 жылда қандай жұмыстар атқарды? Мұны Ult.kz тілшісі мәжілісмендердің өздерінен сұрап білді.

Азат Перуашев: «Пікірімізбен Үкімет санаспады»

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев биылғы жыл партия үшін де, ел үшін де оңай болған жоқ деп есептейді. Перуашев елімізде «Салық Кодексін» қабылдаудың өзі көп мәселелер тудырып, қарсылыққа ұшырағанын айтты.

Фото: parlam.kz
«Біздің фракция Үкіметтің біраз ұсыныстарына қарсы дауыс берді. Оның ішінде осы «Салық Кодексі», «2024 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы» Үкімет есебіне және «Құрылыс Кодексіне» қарсы дауыс бердік. Бұдан бөлек, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңға және басқа да біраз мәселелер бойынша өз көзқарасымызды білдірдік. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Бірақ, өкінішке қарай біздің көп ұсынысымыз бен пікірлерімізбен Үкімет санаспай, «Салық Кодексін» қабылдады. 
Конституциялық заңда Парламент туралы былай жазылған: «Бюджеттік кіріс мәселелері бойынша Парламент депутаттары тек қана Үкіметпен мақұлданған ұсыныстарды қарастыруға құқылы». Сол себепті бұл мәселеге нүкте қоятын Үкіметтің өзі. Алдыңкүні ғана мен «Салық Кодексі» туралы сөз сөйледім. Соны дұрыстап шешуді талап етсем, күнгі кеше ғана Үкімет баспасөз конференциясын өткізіп, қайтадан өз позициясын бекітті», ‒ деді депутат. 


Десе де мәжілісмен Салық Кодексінің қабылдануына тікелей мұрындық болған Ұлттық экономика министрінің жұмысын жоғары бағалап отыр.

«Меніңше Жұманғарин мырза еркек ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде өте көп жұмыс істеді. Ол барлық жауапкершілікті өз мойнына алды», ‒ деді ол. 


Азат Перуашевтің пікірінше 2025 жыл өзі басқаратын «Ақ Жол» партиясы үшін де, өзі үшін де өте қиын болған. Бірақ өткен жыл жақсы оқиғаларымен де есте қалды. 

«Себебі біздің бизнес қауымдастығы да піскенін көріп отырмыз. Бірыңғай ортақ пікірге келіп, құқығымызды қорғауға мүмкіндігіміз болды. Бірте-бірте Үкімет Парламенттің пікірімен, қоғамның пікірімен санасуға мәжбүр болып жатыр. Жалпы дұрыс жолмен келе жатырмыз, келесі жылы бұдан да жақсы болсын!» ‒ деді депутат Перуашев.


Нартай Сәрсенғалиев: «Арманым халық табысының қазіргіден де көтерілуі»

Мәжілісте жиі мәселе көтеретін белсенді депутаттардың бірі Нартай Сәрсенғалиевтан қанша депутаттық сауал жолдағанын сұрағанымызда, ол тосылып қалды да, айына кемі 2 депутаттық сауал жолдайтын азамат ретінде «аз болмаған шығар» деп топшылады.

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
«Депутаттық сауалдарды есептеудің екі категориясы болады. Ол ‒ басқа азаматтарға қосылсаң да, жеке сауал жолдасаң да сенің сауалың болады. Сондықтан оны есептеп шығару керек. Бірақ депутаттық сауалдың санымен емес, оның жүзеге асқанын есептеу керек қой деп ойлаймын», ‒ дейді депутат Сәрсенғалиев.


Нартай Сәрсенғалиев 2025 жылы қандай депутаттық сауалының нәтижесін көріп, шешіміне қол жеткізгенін айтып берді. Оның сөзіне қарағанда жыл жемісті болғанға ұқсайды.

«Шекаралық аймақтар туралы сауал жолдап, Орал қаласынан 500 шақырым жердегі Бөкей ордасы ауданына комитет пен 4-5 вице-министрмен бардық, талқыладық, депутаттық сауал жолдадым, стандартқа сәйкес болмай жатса да мектептерді сақтап қалу керек дедім. Сол депутаттық сауалдан кейін Батыс Қазақстан облысында 13 мектепті алып қалдым. Бұл да бір үлкен жетістігім және сол жұмыстың нәтижесі бойынша заң жобасы дайындалды. Сол заң жобасының авторларының бірі боламын. 
Спорт туралы заңым шықты, білесіздер. Соның нәтижесінде 15, 20, тіпті 30 жыл ел айтып келе жатқан талап отырындалды. Өзім сол норманың авторымын және сол жұмыс тобының жетекшісімін. Яки, мемлекеттік бюджеттің есебінен Қазақстан Республикасының азаматы емес азаматтарға, яғни легионерлерді қаржыландыру тоқтатылды, квазимемлекеттік секторлардан қаржыландыру тоқтатылды.
15-20 жылдан бері спорттық мекемелерді басқарып отырған адамдардың бәрін ротацияға ұшыраттық. Олардың барлығы 5 жылдан артық қызметінде отыра алмайтын болды. Және бір спортқа бірнеше федерация ашып алып, шалқып жүргендердің барлығын тоқтаттық та, «бір спорт түріне ‒ бір федерация» дедік. Сосын бүгінгі күнге дейін министрлік 180 спорт түріне мемлекеттің ақшасын таратып беріп отырса, оны біз тек олимпиада, паралимпиада, сурдлимпиада, Азияда, паразиада, ұлттық спорт түрлері деп алпыс-ақ спорт түрін қаржыландыратын деңгейге түсірдік. 
Бірінші топ мүгедектерін алып жүретін тұлға деген категория енгіздік. Бірінші топ мүгедегі жарысқа баратын болса, оның қасында жақыны баруы керек. Оның барып келуі, тамағы барлығы бюджет есебінен төленуі керек деп, осындай үлкен нормаларды біз қабылдадық, жүзеге асырып жатырмыз. Бұл да біздің үлкен жемісіміздің бірі ғой деп ойлаймын», ‒ дейді депутат. 


Бұдан бөлек депутат спорт саласындағы тағы басқа заңнамалар мен БАҚ-қа салынатын салық, Құрылыс Кодексіндегі нормаларға қатысты елеулі нәтижеге қол жеткізгенін айтып өтті. 

Дегенмен Нартай Сәрсенғалиев жылды жақсы өтті деп емес, «жаман емес» деп бағалады. Оның арманы алдағы жылы халық табысының қазіргіден де көтерілуі екен. Сол кезде мүмкін «жыл жақсы өтті» деп айтатынын жеткізді.

Мұрат Әбенов: «Өте маңызды заңға өзгеріс енгізе алдым»

Ал Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов керісінше депутаттық сауалдарды көп жолдамайтынын айтты. Бірақ 2025 жылда істелген жұмыстарына қанағаттанып отыр.

Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі
«Биылғы жылға өте қатты көңілім толады. Ұсыныс жасап, оны соңына дейін апарып, өте маңызды заңды өзгерте алдым. Жалпы өзім шынын айтсам, депутаттық сауалдарды көп жолдай бермейтін адаммын. Менің тәжірибем мол. Егер біз, заң шығарушы органдар өзіміз өзгеріс енгізе алсақ, депутаттық сауал жолдап не керек? Биыл мен банк саласы туралы заң жобасына шамамен 38 өзгеріс енгіздім. Ол онлайн кредит пен банктердің жауапкершілігін арттыру туралы. Енді сен онлайн кредит алу үшін міндетті түрде барнкке барып, келісімшарт жасасып, фотоға түсіп, қол қоюың керек. Қанша жыл ұрылар халықты алдап келді. 
Бұдан бөлек «Құрылыс Кодексін» қабылдап, қатаң нормалар енгіздік. Бұрын «Құрылыс Кодексі» біршама лоббистік болған. Қазір әкімдерге бас жоспарды бекітіп, қоғамға білдірмей бизнеске жер беруге құқығы жоқ. Біз мемлекеттік бақылауды қайтарып, сапа кепілін 10 жылға дейін көтердік. Біз медицинаға мемлекеттік бақылауды қайтардық. Оны да 5 жыл бұрын заңнан алып тастаған», ‒ деген ол қабылданған заңдардың нәтижесін қазірдің өзінде көріп жатқанын айтты.


Алдағы жылы Мұрат Әбенов тұтынушылардың құқығын қорғау, авиация саласы мен «Еңбек Кодексіне» өзгеріс енгізу бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.