10 сәу, 2021 сағат 10:54

2025 жылға қарай мұнай-газ химиясының өндірісі 2 млн тоннаға жетеді – Скляр

Үкімет мұнай-газ химиясы өндірісінің көлемі айтарлықтай өскенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 2 млн тоннаға дейін артатынын айтты. 

«Бүгінде елімізде жылына шамамен 870 мың тонна мұнай-газ химиясы өнімдерін шығаратын 5 зауыт жұмыс істейді. Соңғы 4 жылда өндірілген өнім көлемі 4 есеге өсіп, 360 мың тоннаны құрады. Оның 80% экспортталды. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған зауыттардың 100% жобалық қуатына шығуы, 2021 жылы 3 зауыттың құрылысын аяқтау жоспарланған», - деп жазды вице-премьер. 

Оның айтуынша, 2025 жылға қарай әлеуетті тағы 2 жобаны іске асыру көзделген. Нақтырақ айтсақ, жылына 430 мың тонна полиэтелентерефталат өндіретін және жылына 130 мың тонна метанол өндіретін зауыттар ашу жоспарланып отыр. Атлаған жобалар 2025 жылға қарай мұнай-газ-химия өндірісінің көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 5,5 есе артық.

«Сондай-ақ, жоспарланған жобалардың off-take келісімшарттары бар екенін атап өткен жөн. Бұл инвесторларды таңдау кезіндегі критерийлердің бірі болып табылады. Жалпы, Қазақстанда шығару жоспарланған мұнай-газ химиясы өніміне тұрақты әлемдік сұраныс бар екенін IHS, McKinsey және BCG сияқты бірнеше әлемдік агенттік растап отыр», - делінген жауапта.

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай полипропиленге сұраныс жылына шамамен 100 млн тоннаға жетуі мүмкін.

«Қолданыстағы және іске қосылатын қуаттарды ескере отырып, әлемдегі ұсыныс жылына 90 млн тонна болады. Полиэтиленге әлемдік сұраныс жылына орта есеппен 4% өсіп, жылына 160 млн тоннаға жетеді. Әлемдік сұраныстың өсу драйвері Оңтүстік Шығыс Азия елдері, оның ішінде Қытай, Корея, Жапония болады. Тек Қытайда ғана полипропилен мен полиэтиленге сұраныс 2037 жылға дейін 40 млн тоннаға артады», - деп түйіндеді Роман Скляр.