05 нау, 2021 сағат 12:50

2020 жылы электр энергиясы секторына 82 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

2020 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 108 млрд кВтсағ-қа жетті. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейді. 2020 жылы электр энергиясын өндіру көлемі 108 млрд кВтсағ-қа жетті. Бұл ретте, электр энергиясын тұтыну 107,3 млрд кВтсағ құрады, бұл еліміздің электр энергиясына қажеттілікті толығымен қамтамасыз ететіндігін көрсетеді», - деді министр. 

Оның айтуынша, 2020 жылы қуат нарығы аясында электр энергиясын өндіру секторына тартылған инвестициялар көлемі 82 млрд теңгеден асты. Республикалық бюджет есебінен 31,4 млрд теңге сомасына 24 жоба іске асырылады, оның ішінде 6 жоба аяқталды. 6 жобаны іске асыру шамамен 120 мың адамды сенімді және үздіксіз электрмен жабдықтауға, 18,1 мың адамды және 10 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бюджетке түскен салық кірістері 5 млрд теңгеден астам соманы құрады.

«Электр энергетикасы саласына инвестициялар ағынын ұлғайту мақсатында Министрлік электр станцияларын жаңғырту, реконструкциялау және жаңарту үшін шекті жол берілетін лимитті жылына 10-нан 30 млрд теңгеге дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдады. Маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру үшін қолданыстағы электр энергетикасы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Саладағы маңызды оқиғалардың бірі ретінде – нарықта ашықтықты жүзеге асыру мақсатында Электр энергиясының орталықтандырылған сауда жүйесін реформалауды атап өтуге болады», - деді Н. Ноғаев.