Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мамандары 2020 жылдан бастап еліміздегі қандай жолдар ақылы болатынын, биыл қай жол учаскелері жөнделетінін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ведомствоның мәліметіне сенсек, 2024 жылға дейін республикалық желінің 11 мыңға жуық шақырымын ақылы автожолмен қамту көзделіп отыр.
«Ақылы жол жобасын екі кезең бойынша енгіземіз. Бірінші кезең – 2020-2021 жылдар аралығында 6 мың шақырым ақылы жол қолданысқа беріледі. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі, «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей шекарасы», «Щучинск – Петропавл», «Нұр-Сұлтан – Павлодар», «Қалбатау – Павлодар – Ресей шекарасы» (Омбыға апаратын жол), «Таскескен – Бақты - Қапшағай – Талдықорған», «Атырау – Орал», «Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы» және «Ақтау – Бейнеу» жолдарының учаскелері ақылы болады», - деп атап өтті министрліктен.
2022-2023 жылдар аралығында қалған 5 мың шақырым жолды енгізуді көздейтін екінші кезең жүзеге асырылады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы жылдар қанша шақырым жол жөнделетінін де айтты.
Мекеменің мәліметінше, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020-2026 жылдар аралығында ұзындығы 10 мың шақырымды құрайтын республикалық жолдардың құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған. Оның 1373 шақырымында 2020 жылы қозғалыс басталады.
«Осылайша, «Орталық – Оңтүстік» бағыты бойынша 311 шақырым жол ашылады. «Петропавл – Қорған» тасжолының 37 шақырымы пайдалануға беріледі. «Орталық – Шығыс» жобасы бойынша - 13 шақырым, «Қостанай – Денисовка» жолында – 65 шақырым, «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат» жолында – 160 шақырым жол ашылады. Сондай-ақ, 2020 жылы «Атырау – Астрахан» тасжолының 160 шақырымы, «Көктерек асуы» жобасы бойынша – 32 шақырым, «Талдықорған – Өскемен» тасжолында – 384 шақырым, «Ұзынағаш – Отар» жолының 96 шақырымы, «Үшарал – Достық» жолының 60 шақырымы, «Қалбатау – Майқапшағай» жолының 155 шақырымы қолданысқа беріледі», - деп түсіндірді министрліктен.