2018 жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ 17 млн 719 мың адамға қызмет көрсетті. Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл тұрғыда мемлекет ішіндегі және еліміз аумағы арқылы өткен транзиттік жолаушылар ескерілген. 2017 жылмен салыстырғанда 500 мың жолаушы кем тасымалданды. Осы орайда 2017 жылы ЭКСПО көрмесі кезінде теміржол қызметін пайдаланғандар көбірек болғанын атап өткен жөн.
Компанияның хабарлауынша, өткен жылы «Астана-Түркістан», «Қарағанды-Томск» бағыттары ашылды. Сонымен қатар, биылдың басында «Алматы-Түркістан» пойызы жаңа бағдар бойынша жолаушылар тасымалын бастады.
«Қызмет көрсету сапасын жақсарту тұрғысында жолсеріктер үшін үшінші буындағы қосымша 1 500 мобильдік терминал іске қосылды. Бүгінде 2 400-ге жеткен осы терминал арқылы жолаушыларды пойызға отырғызу рәсімдері жеңілдетілді», - делінген «Жолаушылар тасымалы» компаниясының мәліметінде.