Швед академиясы 2018 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын тапсырмайды. Академияның бұл шешімі Нобель сыйлығы сайтында жарияланды. Сыйлықты тапсыру соңғы рет 1943 жылы кейінге қалдырылған еді.
Хабарламада бұл шешімнің басқа салалар бойынша Нобель сыйлығын табыстауға әсер етпейтіні айтылады. Академия әдебиет саласында 2018 жылғы Нобель сыйлығы иегерінің аты-жөні 2019 жылғы жеңімпазбен бірге жарияланатынын мәлімдеді.
Швед академиясы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын табыстаудан француз фотографы Жан-Клод Арноға қатысты дауға байланысты бас тартып отыр. Жан-Клод Арно - академияға 1992 жылы сайланған швед ақыны Катарина Фростенсонның күйеуі. Арно Швед академиясы қаржылай қолдау көрсеткен мәдени жобаны басқарған. Бұған дейін 20 шақты әйел оны жыныстық бопса жасады деп айыптаған.
Қазіргі таңда бұл сала бойынша жеңімпаздарды анықтайтын Швед академиясы мамандары өз еріктерімен қызметінен кеткен. Сәуірдің ортасында академия хатшысы Сара Даниус та орнын босатқан болатын. Оларға "жеңімпаз иесін алдын ала хабарлап қойды" деген айып тағылған. Осыған дейін ресми хабарлама шыққанша әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын Вислава Шимборская (1996), Эльфрида Елинек (2004), Гарольд Пинтер (2005), Жан-Мари Гюстав Леклезио (2008), Патрик Модиано (2014), Светлана Алексиевич (2015) пен Боб Диланның (2016) алатыны алдын ала әлемге тарап кеткен еді. Бұған да кінәлілер қатарында Жан-Клод Арно бар. Арноның өзі тағылған айыпты терістейді.
Фотографтың жанжалынан соң Катарина Фростенсон академия құрамынан шығарылды.