Фото: wing.com.ua
ҚМА Алматы облысы бойынша Департаменті Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген «1WIN» онлайн-казиносының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, онлайн-платформа заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырумен қатар, мыңдаған отандасымызды тартып, тиісті лицензиясыз букмекерлік қызмет көрсеткен. Ақшалай қаражат интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылданған, бұл тіпті кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берді.
2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңгені құраған.
«Тергеу жалғасып жатыр, онлайн-казино сайты бұғатталды, төрт ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды. Тәркіленуге жататын мүлікке және жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынды, сондай-ақ «Mercedes-Maybach S500» және «Lamborghini Huracan» автокөліктері тәркіленді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.
Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес елде онлайн-казино қызметіне тыйым салынғанын, ал букмекерлік қызметтер тиісті лицензия болған жағдайда ғана көрсетілетінін ескертеді», - делінген хабарламада.