05 мау, 2017 сағат 18:03

1916 жыл зобалаңы немесе құрбандар қасіреті

Мамырдың 31-і саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың құрбандарының еске алу күні. Өткен ғасырда қазақ  халқының басынан кешкен қасірет 1916 жылында бастаған.

 25 маусым 1916 жылы патша ағзамның зілді бұйрығы шықты. Қазақстан және Орта Азия халықтарының жігіттері жиһанкерлік соғысының майданына қосалқы қара жұмыстарына жіберілетін болды. Бауыржан Момышұлы «Біздің отбасы» атты кітабінда жігіттерді қосалқы қара жұмыстарға алынуы сипаттаған. Қара жұмыстарға жазушы Сапарғали Бегалин, ақындар Иса Байзақов, Сәбит Дөнентаев қатысқан. «Самалтау» халық әні – 1916-ның зары.

Халық отарлау саясатына қарсы көтерілді. Көтеріліс бүкіл Орта Азия аймағын, әсіресе Ташкент, Самарқан, Жизақ, Худжанд қалаларын қамтыды. Ферғана алқабындағы өзбек пен тәжік, Шу алқабындағы мен Ыстықкөлдегі қырғыз көтерілістен тыс қалмады. Алатаудың ар жағындағы айырқалпақ ағайын бұл оқиғаны үркіншілік деп, үлкен ұлттық қасірет деп санайды. Қазақстанға келсек, ең ірі көтеріліс ошақтары Жетісу мен Торғайда орналасқан.

Қарқарадағы Ұзақ пен Жәмеңкелер «Бала өлгенше, шал өлсін» деп, белін буып көтеріліс бастаған. Дүрбелең кезінде ерекше ерлік көрсеткен Тұрлықожа, Әубәкір батырларының есімдері мәңгілік ел есінде қалады. Қарқарадағы оқиға Мұхтар Әуезов «Қилы заманында» жан-жақты сипаттаған. Көтеріліс бастаған Айттөбенің аты Ереуілтөбе деп өзгерілді. Былтыр шейіт болған аталардың рухына Қарқара жайлауында ас беріліп, тағзым етілген. Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылында қанды оқиғаның құрбандарына ескерткіш орнатылған.  

Үшқоңырда ту көтеріп жорығын бастаған Әшекейұлы Бекболат Жамбыл ата жырлаған қаһарман еді. 1916 жылы қыркүйектің 9-ында батыр қолға түсіп Алматының Боралдайында дарға асылды. Бекболаттан басқа Жетісу көтерілісінің басшылары, белсенді қатысушыларының тізімінде – Әли батыр, Тоқаш Бокин. Қордай өңірінде көтеріліске Алатаудың бозторғайы ақын Кенен Әзірбайұлы қатысқан. Кенен атаның тар заманға арналған «Бұлбұл» атты әні бар. Шу, Меркі, Тараз өңіріндегі де оқиғалар Жетісу көтерілісінің бір бөлігі. Ақкөз мен Досмайыл батыр бастаған 7 болыстың жігіттері 1916 жылдың 29 тамызында Меркіні қоршаса, қыркүйектің 17-сінде қазіргі Тараздың маңайында Алакөл құмында жазалаушы отрядпен шайқасты.

«Ақсуаттың Аманкелдісі» деп атанған Мүрсәлім болыс Тарбағатай мен бүкіл Шығыс Қазақстанның көтерілісшілерінің басшысы еді. Жазалаушылар елді ойрандатып, көбісін Қытайға қаштырды.

Алаштың серкесі Міржақып Дулатұлы қарулы көтерілісті қолдамаса да, Қытайда босқын болып жүрген қазақ пенен қырғыздарға қол ұшын созған.

Көтерілістің алдында Бөкйханов, Байтұрсынов, Дулатов: «Бірі – барса, алынған жігіттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды, екіншісі – «бармаймын» деп қарсылық қылса, елге зор бүліншілік келеді», - деп халықты наразылық білдірмеуін насихаттаған. Алайда, үркіншіліктен кейін, Дулатұлы “Оян, қазақ” кітабінан түскен қаражатын Қытайға қашуға мәжбүр болған қазақ-қырғыз босқындарға жіберу шешімін қабылдады. Бұл істе жәрдемшісі Жұмағали Тілеулин еді.

Баянауылда ереуілді басқарған Қақабайдың Ағыбайы, Бісмілдәнің Нұрғалиы еді. Қарағанды өңірінде Нұраның бойындағы оқиғалар мен оларға белсенді қатысқан Оспан Шоңов, Нұрлан Қияшевтар туралы Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» атты романында жазады. Ал Қарқаралының елі Алаш зиялыларының үндеуіне құлақ салып патша үкіметіне қарулы қарсылық білдірмегенін Жақып Ақбайұлы баяндады. "Басқа жерлерде қан төгілген, асылған, атылған көп. Қарқаралы қазағы бұл пәледен оқығандардың арқасында аман болды", - деп Алаштың зиялы азаматы жазды.

Ал көтерілістің көкесі Торғай мен Ырғыздың жазық даласында қайнаған екен. Ырғызда Айжарқын Қанайұлы мен 9 серігі бастаған ержүрек жігіттер екі рет көтерілген екен. Бірінші рет 1916 жылы көтерілсе, екінші рет – 1929 жылы Кеңес үкіметіне қарсы шығып, ақыры Сталин мен Голощекинның саяси құғын-сүргіндерінің құрбандары болып кетті.

Торғайда көтерілістің ұйымдастыруы жоғары деңгейінде болды. Көтерілісішілер Кеңес құрып, Әбдіғаппарды хан қылып сайлап, Аманкелдіні бас сардар қылып тағайындады. Ереуілдің басында Шолақтың Оспаны, Қасым, Әбдіғаппар, Аманкелді, Әліби Жанкелдин, Байқадам Қаралдин болса, батагөйі Қараман Досай шешен еді. Аманкелді ұсталарға қару-жарақ соқтырып, сарбаздар мен тыл арасында байланыс, қамтамасыз ету жүйесін орындатып, стратегиялық, тактикалық шеберлігін көрсетті. Сарбаздар Татыр көлі маңында, Құмкешу, Күйік қопасында болған шайқастарда ерлік көрсетті.

Әсіресе, Кейкі батырдың аты шықты. Қазан айының аяғында – қарашаның басында сарбаздар Торғай қамалына шабуыл жасады. Ал көтерілістің соңғы шайқасы қыстың қара суық кезінде, ақпанның аяғында Торғай даласының Доғал-Үрпек деген жерінде яғни Доғал қопасы мен Үрпек қонысы арасында өтті.

Ақпан мен Қазан төңкерістері, еркін Алаш мемлекеті үшін күрес, Кеңес үкіметінің орнатуы мен оған қарсылық білдіруі – бұл 1917 жылдан бері бастаған аласапыран заман, тарихтың 1916 жылдағы ұлт-азаттық көтерілісінен кейінгі парақтары. Бұл аласапыран Әбдіғаппарды да, Аманкелдіні де, Кейкіні де, Байқадамды да аямады. Әркім өз жолын таңдаса да – ақыры Аманклді 1919 жылы қаза тапты, Кейкі батырдың басы 1923 жылы алынды, Байқадам – саяси қуғын-сүргіндерінің құрбаны болды. Кейкінің бас сүйегі былтыр Ресейден еліне оралды, былтыр әруақты риза қылып туған Торғай топырағына жерлеу рәсімінің жоспары бар.

1916 жыл – еліміздің тарихындағы қасіреті мол жылдар белгісі, ерлік пен бірліктің дастаны, тәуелсіздігімізге апаратын жолдағы асулы кезеңі.

Асқар Дайырбеков,

Ұлт порталы