Фото: ашық дереккөз
Абай облысында сот өрт кезінде қаза тапқандар туралы жалған ақпарат таратқан тұрғынды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға 2026 жылғы 3 наурызда Семей қаласындағы «Balapark» балалар ойын-сауық орталығында болған өртке қатысты. Арнайы қызметтердің жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеген.
Алайда қала тұрғыны Instagram әлеуметтік желісіндегі пабликтердің бірінде өрт салдарынан 18 адамның қаза тапқаны туралы жалған ақпарат жариялаған. Бұл мәлімет тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызуы мүмкін болған.
Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын жедел анықтап, оған қатысты әкімшілік іс қозғады. Сот отырысында ол өз кінәсін толық мойындаған.
2026 жылғы 18 наурыздағы сот қаулысымен құқық бұзушы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша 86 500 теңге көлемінде айыппұлға тартылды. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Абай облысының прокуратурасы төтенше жағдайлар кезінде жалған ақпарат тарату заңмен тыйым салынатынын және жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

