03 сәу, 2026 сағат 17:53

Павлодарда жаңа туған сәбиін 800 мың теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды

Фото: ашық дереккөз

Павлодарда полицейлер жаңа туған нәрестені сату әрекетінің жолын кесіп, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, 23 жастағы Түркістан облысының тумасы жүктілігінің соңғы кезеңінде әлеуметтік желілер арқылы болашақ сәбиін сатып алатын адамдарды іздеген. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның заңсыз әрекеті әшкереленді.

Әйел босанғаннан кейін небәрі үш күндік нәрестені ақшаға бермек болған сәтінде қолға түскен. Полицияның жедел әрекетінің арқасында сәбиге төнуі мүмкін қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта жаңа туған қыз бала дәрігерлердің бақылауында. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, заң аясында тиісті шешім қабылданады.

Полиция адам саудасының кез келген түрі, әсіресе балаларға қатысты қылмыстар қатаң түрде тоқтатылатынын ескертті.