Фото: ашық дереккөз
«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарының сақталуын талдау барысында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Атап айтқанда, заңның 8-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаппен сотқа 30 күн ішінде жүгіну қажет. Алайда тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелер бұл талапты жүйелі түрде бұзатыны белгілі болды.
Мамандардың айтуынша, лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі жеткізушілердің орындалмаған міндеттемелер үшін жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде заң талаптарына қайшы келеді.
Мысал ретінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2025 жылғы 27 қарашадағы шешімі келтірілді. Онда «Екібастұз қаласы Шідерті кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Әмір» жеке кәсіпкерін жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабы қанағаттандырылмаған.
Іс материалдарына сәйкес, жеткізуші шарт міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамағаны 2025 жылғы 15 қыркүйекте белгілі болған. Соған қарамастан, талап арыз сотқа тек 29 қазанда берілген. Бұл заңда көрсетілген мерзімнің өтіп кетуіне әкелген.
Аталған фактілерді зерделеу нәтижесінде облыс прокуратурасы Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде уәкілетті орган 7 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға айыппұл салды.
