Фото: ашық дереккөз
Астанада полиция брендтік тауарларға қатысты кәсіпкерлерді бопсалаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада танымал брендтік тауарлармен байланысты алаяқтық жасады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталды. Ол алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен.
"Күдікті жалған сенімхаттар жасап, өзін Қазақстан аумағындағы түрлі брендтердің ресми өкілі ретінде таныстырған. Осы сылтаумен кәсіпкерлерге хабарласып, олардың қызметінен заң бұзушылықтар анықталғанын айтқан. Алдау мен қысым көрсету арқылы ол сатушылардан ақшалай қаражат талап етіп, "мәселені шешіп беруге" және өнімді сату барысында қиындықтарға жол бермеуге уәде берген", - дейді полицияда.
Бір ғана эпизод бойынша шығын көлемі 300 мың теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері осындай төрт алаяқтық дерегін тіркеді. Жедел-іздестіру кезінде күдіктінің кім екенін анықтап, полицияға жеткізілді. Тергеу жүріп жатыр.
