Жаңалықтың жат болып көрінері бұрыннан белгілі. Қазіргі білім беру саласында жасалып жатқан реформалардың басым бөлігі жұртшылық наразылығына ұшырап, жиі сынға ілігіп жүр. Бұның бір ұшы - байыбына бармай жатып байбалам сала беретіндігімізде жатса керек.
Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Бүгінгі Сағадиев реформаларының бәрі керемет деуден де аулақпыз. Біздің айтпағымыз басқа. Бүгінгі министрге дейін жоспарланған жаңа жобалар ел назарында. Солардың бірі - 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мәселесі.
Мұндай реформалар көп жылдық зерттеулер мен әлемдік бақылау жүйесінен өткендіктен, өз нәтижесін ақтауы тиіс.
Ал, енді 12 жылдық білім берудің маңызы қандай? Неліктен осы жүйені таңдау арқылы бұрыннан қалыптасып келе жатқан білім жүйесіне түгелімен өзгеріс енгізілуде?
12 жылдық білім берудің маңызды тұстарын жіктеп көрсек:
Біріншіден, мектептегі оқушылардың шығармашылық дамуына, тұлға болып қалыптасуына барынша ықпал етеді.
Екіншіден, әлемдік білім беру жүйесіндегі мықты бәсекелестікке қарсы тұрып, заманауи білікті мамандардың артуына өз септігін тигізеді.
Үшіншіден, мұғалімдердің өз салаларына деген жауапкершілігін арттыра отырып, оқушы мен ұстазды ортақ шығармашылық арнаға салады. (Бұрын бұндай ортақ арна болмады деп айтуға болмас. Алайда, жаңа жүйе әлемдік тәжірбиелерден толықтай өткендіктен де, біздің білім беру жүйесіне тереңірек еніп, оң нәтиже берері анық.)
Төртіншіден, жаңа жүйені меңгерген оқушы болашақ мамандығына тікелей жол алып, бағытталып шығады.
12 жылдық білім беру жүйесінің нәтижелі болуына басты себепкер - білікті мұғалім. Себебі, оқушы мұғалімнің айтқанымен шектелмей ары қарай өзін-өзі алып кете алатын деңгейге жету керек. Ол үшін әрбір ұстаз оқушы талабын қанағаттандыра отырып, кәсібиліктің биік шыңынан көріне білген жағдайда, жүктелген міндеттерді атқару жеңілге түседі. Қанша жылғы білім жүйесін енгізіп, қандай тәртіп орнатсақ та, білікті мамандар мен талапты шәкірттер қатары аз болған жағдайда кез-келген жүйе ілгері баспайтыны анық.
Елімізде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің алғашқы сатылары 2011-2014 жылдары қолға алынған болатын. Осы жылдардан бастап мектептерде оқулықтар жаңартылып, жаңа стандартқа икемделе бастады. XXI ғасырдың зерек жастарына жаңаша ойлау мен өзгеше жүйеде білім беру бүгінгі таңның басты талабы екенін ескерсек, бұл өзгерістер толығымен қолдауға ие болары сөзсіз.
Барлық оқыту бағдарламаларын жаңартып, базаны жетілдіру, ұстаздарды қайтадан даярлықтан өткізіп, бағалаудың жаңа түрін енгізу - маңызды қадамдардың бірі. Ал, оның нақты нәтижиесін жаңа білім беру жүйесіне сатылап көшу арқылы біле аламыз. Сондықтан да 2015 жылдан бері бұл жүйе бірінші, бесінші, он бірінші сыныптарды қамтыды.
Әрине, алғашқыда жаңа бастамаға қарсы ата-аналар қатары аз болған жоқ. Мұның негізгі бір себебі, түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегенінде жатса керек. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұндай жауапкершілігі зор қадамды асығыс қабылдай салды деп айтуға да болмайды. Демек, алаңдауға негіз жоқ. Ашылып жатқан тәжірбиелік сыныптар, даярлаудан өткізілген ұстаздардың барлығы да толықтай жүйенің маңызы мен мәнін сезіне отырып, түбегейлі іске кіріскен.
Жаңа жүйенің басты мәнін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан жүктелетін міндет өте ауыр», - деген сөзімен түйіндеуге болады.
12 жылдың білім беру жүйесіне өтпеген жағдайда біздің білім беру жүйеміз төмендегідей талаптарды қанағаттандыра алмаушы еді:
- Жаңа кәсіби деңгейі жоғары мамандар.
- Интеллектуалдық, шығармашылық қабілеті бар шәкірт.
- Шынай білімді бағалау жүйесі.
- Дараланған оқыту технологиялары.
- Креативті әдіс-тәсілдер.
12 жылдық білім беру жүйесі толығымен енгізілген тұста БІЛІМ саласында бастау алатын мынадай жаңашылдықтарды атап өтуге болады:
- Ұстаздардың жоғары педагогикалық статусы.
- Әлемдік талаптарға сай білікті мамандар.
- Баллдық жүйенің арқасында жойылатын баға үшін оқу деген ұстаным.
- Мектеп қабырғасынан кейін жаңа өмірге дайын, өз мамандығын айқын білетін оқушы.
- Ақпаратты технологияларды жете меңгерген жастар.
Көгершін Тілеген,
Ұлт порталы