18 мам, 2026 сағат 14:45

1 шілдеге дейін бітсін: Алматы әуежайындағы құрылысқа шектеу қойылды


Фото: Depositphotos.com


Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайындағы құрылыс жұмыстарын аяқтаудың нақты мерзімін белгіледі, деп хабарлайды Ult.kz.


Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған үкімет басшысының бірінші орынбасары әуежайдағы жаңғырту барысымен танысты.


Оның айтуынша, Алматы халықаралық әуежайын жаңарту – елді Орталық Азиядағы ірі авиациялық хабқа айналдыруға бағытталған стратегиялық жоба. Алайда құрылыс қарқыны сын көтермейді.


Нәлібаев әуежай аумағындағы туристерге қолайсыздық тудырып, қаланың келбетіне нұқсан келтіріп тұрған жұмыстарды 1 шілдеге дейін толық аяқтауды тапсырды.


Сондай-ақ ол халықаралық терминалды жақында нөсер жаңбырдан кейін су басқанын еске салып, бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс туғызғанын атап өтті.


Вице-премьер қала әкімдігіне жаңғырту жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауға алуды жүктеді.


Айта кетейік, әуежайды TAV Havalimanları Holding басқарады. Былтыр жалпы құны 360 млн доллар болатын бес жылдық даму жоспары бекітілген. Жоба аясында терминалдарды жаңарту, ұшу-қону жолағын жөндеу, инфрақұрылымды кеңейту, қонақ үй мен паркинг салу көзделген.