Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттігі
Алмасадам Сәтқалиев пен Алексей Лихачев Мәскеуде кездесіп, Қазақстандағы «Балқаш» атом электр станциясы (АЭС) жобасын талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Келіссөз барысында Росатом мен Қазақстан тарапы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде «Балқаш» АЭС құрылысын іске асыру мәселелерін қарастырды.
Тараптар кадр даярлау, ғылыми-техникалық әріптестікті күшейту, өндірісті оқшаулау және қазақстандық кәсіпорындарды жобаға тарту мәселелеріне ерекше назар аударған.
Сәтқалиевтің айтуынша, келіссөздер нәтижесінде негізгі бағыттар бойынша ортақ түсіністікке қол жеткізілген. Оның сөзінше, жоба екі елдің стратегиялық мүдделеріне толық сай келеді.
Өз кезегінде Лихачев «Балқаш» АЭС-ін салу алдында кешенді дайындық жұмыстарының маңызын атап өтті. Оның ішінде инженерлік және табиғи-климаттық зерттеулер жүргізу, құрылыс алаңын кемінде бір жыл бақылау қажеттігі айтылды.
Росатом басшысы жоба нақты алаңның геологиялық және климаттық ерекшеліктеріне бейімделіп әзірленетінін жеткізді. Сондай-ақ станция ресейлік атом технологиялары негізінде салынатыны атап өтілді.
Кездесу қорытындысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін растады.
