06 сәу, 2026 сағат 16:14

1 млрд теңге залал: Ресейге қашқан күдікті Қазақстанға жеткізілді


Видеодан алынған кадр


Қазақстанға ірі көлемде экономикалық залал келтірді деген күдікпен азамат Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлайды Ult.kz.


Оны Бас прокуратура мен ІІМ Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қолдауымен елге қайтарды.


Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті трансұлттық қылмыстық топ құрамында әрекет етіп, 2023 жылы акцизделетін темекі өнімдерін сәйкестендіру таңбасынсыз заңсыз сақтап, тасымалдаған. Бұл әрекеттердің салдарынан мемлекет бюджетіне 1 миллиард теңге көлемінде салық түспей қалған.


Қылмыс жасалғаннан кейін ол бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. 2025 жылдың сәуірінде Ресей аумағында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.


Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.