Бір пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейді. Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Астанада 2016 жылы құрылған жер комиссиясының шешімдері бойынша әзірленген жер заңы жайлы қоғамдық талқылау өтіп жатыр. Жиында сөз алған ауыл шаруашылығы вице-министрі Нысанбаев заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.
"2016 жылдың мамырында Елбасының жарлығымен және тиісті заңымен Жер кодексінің жекелеген нормаларына 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жекеменшікке, шетелдіктерге жалға беруге мүлде тыйым салынды. Қазіргі уақытта мәжілісте қаралып жатқан заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір норма жоқ екенін ерекше атап айтқым келеді. Керісінше бұл заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр. Онда бір пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Мәселе өте күрделі, оны егжей-тегжей пысықтап, 2021 жылдың соңына дейін халықпен бірге талқылап, түпкілікті шешім қабылданады. Бұл мәселе президенттің, үкіметтің, орталық өкілетті органдардың бақылауында", — деді Нысанбаев.
Вице-министр жер реформасы бойынша құрылған комиссияның жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, қабылдаған шешімдеріне тоқталды.
"Бірінші, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және оны жетілдіру. Екінші, қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін мөлшерін шектеу. Үшінші, шекара аймақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту. Төртінші, тұрғындардың жайылым алқаптарға деген қажеттілігін қамтамасыз ету. Аталған ұсыныстар негізінде Жер кодексіне өзгерістер мен түзетулер енгізу бойынша заң жобасы дайындалып, парламент мәжілісінің қарауына енгізілді", — деді министр орынбасары.