01 қаз, 2020 сағат 09:00

Жыл соңына дейін электронды қызмет түрлері 90 пайызға артады

Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық қызмет түрлерін электронды қызметке ауыстыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар. Ал жыл соңына дейін электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемін 90 пайызға жеткізу жоспарланған, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтуынша, жоғарыда аталған 700-ге жуық қызметтің 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі. Ал бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 90 пайызға жеткізілетін болады.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрландыру жұмыстары уақытылы аяқталуы керек. Мемлекеттік қызмет істер агенттігі көрсетілетін қызметтер сапасын бақылауда. Олар жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесін қарасақ, еліміздің аумақтарында халықтың мемлекеттік қызметтермен қанағаттану деңгейін көтеру қажет екендігі айқын. Мемлекеттік қызметті алу үшін халық әлі де тікелей мемлекеттік органға немесе әкімдікке жүгінеді. Осындай қызметтер саны – 200-ден астам», - деді министр Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, халықтан түскен 2 млн-нан астам өтініштің 30 пайызы мемлекеттік қызметке екені анықталған. Осындай жағдайда Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қарағанда мерзімдері бұзылуы мүмкін. Өйткені, бақылауға арналған ақпараттық жүйеге кірмейді және жеке қарым-қатынас кезінде сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін. Бұл мәселені шешу мақсатында барлық қызметтерді баламасыз тек ХҚКО-ларда немесе электронды түрде көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Осындай қарқынды жұмыстардың нәтижесінде келер жылы электронды қызмет түрлері жақсарып, «қағаз» анықтама толығымен жойылады деп жоспарланған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тапсырма берді. Яғни ең қажетті әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді мобильді форматқа көшіру жұмысын жандандыру туралы тілге тиек етті.

«Жалпы 2021 жылы «қағаз» анықтамалардың қажеттілігін толығымен жоюымыз керек. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан қызметтерді жеткізуді және барлық онлайн қызметтер мен сервистердің 100 пайыз қолжетімділігі қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар, Цифрлық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтерді eGov мобайлға ауыстыру бойынша жоспарды бекітуді тапсырса, Денсаулық сақтау министрлігіне азаматтарға қажетті электрондық медициналық мәліметтерді беруді қамтамасыз етуді, Еңбек министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау және төлеу процестерін цифрландыру үшін қажетті деректерді толық цифрландыру мен жаңартуды қамтамасыз етуді жүктеді.

Үкімет басшысының айтуынша, ипотека алу және кепілге қою механизмін барынша жеңілдету қажет. Ол үшін сервис пен кері байланыс деңгейін арттыру қажет.

Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында барлық қызмет түрлерін электронды қызметке ауыстыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде мемлекеттік тізілімде 700-ге жуық қызмет бар. Ал жыл соңына дейін электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көлемін 90 пайызға жеткізу жоспарланған. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтуынша, жоғарыда аталған 700-ге жуық қызметтің 85,5 пайызы онлайн түрде көрсетіледі. Ал бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 90 пайызға жеткізілетін болады.