14 қар, 2019 сағат 13:45

"Ел болам десең, эфиріңді түзе..."

Бүгінде отандық арналардағы шоу немесе әлеуметтік бағдарламалар аясындағы мәселелер аз талқыланып жүрген жоқ.

Телеарналардағы шоу-бизнес тақырыптары мен басқа да жеңіл тақырыптағы, цензурадан аулақ, тек журналистік ақпараттық цензура емес, этика шекарасынан да өтіп кетіп жататын бағдарламалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткелі қашан. Қазақ журналистикасының көші осындай бағыт алса, жағдайдың қатерлі болары даусыз. Кім көрінген көк экрандағы бағдарламаларды тізгіндеп, кәсіби журналистерді аталмыш аурадан алыстатуға себепкер болып отыр. Бәлкім, бұл жағдайдың бүгінгі қоғамнан көрініс табуы - кәсіби журналистердің мамандану деңгейі мен кәсібилік қабілетінің төмендеуінен болар. Экран төрін шоу-бизнестің жарнамасы мен жұлдыздар өмірін дәріптейтін ортаға айналдырып отырғандардың түпкі мақсаты бізге мәлім. Болмаса қоғамдық пікір, әлеуметтік идеяның осы ақпарат көшіне қарай икемделе кетуі – дертті құбылыстың жылдам етек алуына бірден-бір себепкер екенін білеміз.

Біз бүгін отандық бағдарламалардың саны мен сапасын былай қойып, ондағы әріптестеріміздің жұмысы туралы сөз етуді жөн көріп отырмыз.

Жуырда Қапшағай қаласында жетісулық әріптесіміз Мәулен Әнербайдың «Болашақты жасайық жүрші бірге» атты шығармашылық кешіне қонаққа барғанбыз. Сол кеште алматылық қызбен таныстым, 23-24 жас шамасында. Сол қыз жуырда хабарласып, даусы дірілдеп тұр.

– Сізден кеңес сұрайын деп едім. Сіз - осы саланың адамысыз ғой. Мен тек саудада жүрмін, – деп бастады әңгімесін. «Қазақстан» Ұлттық арнасындағы «Ниет» бағдарламасы қонаққа шақырды. Дүйсенбі күнге дейін жет, алимент тақырыбы екен, – дейді. «Ол тақырыпқа сенің не қатысың бар?» дедім таңғалып. Жақында ғана танысып, одан кейін тілдеспеген қыздың тұрмыста болғанын, ажырасқанын, бір баласы бар екенін тіпті білмейді екенмін. Ол осы әңгіменің шет-жағасын айтып, «барғаным жөн бе, бармағаным ба?» деп сұрады. Қаршадай қыздың тағдырына таңғалғанымды жасырып қалып:

– Саған алимент керек пе? Балаңды өзің асырай алмайсың ба? Эфирге шыққан соң, одан кейін таныс-тамыр, дос-жаран, ағайын-жұрттың арасында болатын сөзді көтере аласың ба? Ата-ананың көңіліне қаяу түспей ме? Осыларды ойланып барып, шеше ғой. Саған дәл қазір бар-барма дей алмаймын. Егер бәріне дайынмын десең, жол болсын, – дедім.

Ол ойланатын болып тұтқаны қойды. Көп өтпей, «Сізге рақмет! Мен дайын емес екенмін, бармаймын» деп хабарлама жазып жіберіпті.

Егер бұл келіншек ойланбаса, осы саланың адамынан кеңес сұрамаса, оқиғаның арты қалай болар еді? Ешкіммен ақылдаспай, эфирден көрінуге қызыққан жас Нұр-Сұлтан қаласына ұшып жетіп, эфирде тағдырын айтып бергенімен, эфирден кейінгі елдің сөзін көтере алатынына, өзінің ішкі эмоцилары мен ойларына жауап бере алатынына кім кепіл?

Жуырда ғана арты сотқа ұласқан осындай оқиға естеріңізде болар. Онда да мәселенің мән-жайына бармай, эфирге келіп «қыздығын саудалаған» студент қыздың оқиғасын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Алматы қаласы Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Айнұр да - дәл осындай бағдарламаның «құрбаны». Жетінші арнадағы «Өз ойым» бағдарламасы қызды Алматыдан астанаға алдыртып алған соң ғана, тақырыпты басқа арнаға бұрған. Сосын не болғаны баршаңызға мәлім. Қыздың туған-туыстары қаралап, ата-анасы налып, оқу орны оқудан шығарып жіберді. «Бұттың емес, ұлттың мәселесін көтеретін бағдарлама болсын деймін» деп аталмыш оқиғада белсенділік танытқан әзілкеш Нұрболхан Шарапов пен бағдарлама жүргізушісі Ләйлә Сұлтанқызының арасындағы даулы мәселе сотқа жеткен болатын.

Осы орайда Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №451 заңы еске түседі. Онда: «Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу кезеңінде олардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын ақпаратты тарату, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды насихаттау, қатыгездік пен зорлық­-зомбылықты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдықты үгіттеу немесе насихаттау, порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы радио-теле-бағдарламаларды тарату, сондай-ақ, кино және бейне­өнімдерді көрсету, осы Заңның 3-бабында, 10-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды бұзу, сондай-ақ, 14-бабының 31 ­тармағының, 15 және 16-баптарының талаптарын бір жыл ішінде қайталап бұзу белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарынан шығарылуын (эфирге шығуын) тоқтата тұруға негіз болып табылады» делінген.

Жоғарыда жазылған мысалдар мына заңда көрсетілген зорлық­-зомбылықты насихаттайтын, әлеуметтік және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы бағдарлама тізіміне кіреді емес пе? Әлде біз дұрыс түсінбедік пе?

Жалпы мұндай мысалдар өте көп. Телебағдарламалардың қонақ-редакторлары қонақты студияға «алдап» шақыру қалыпты жағдайға айналып барады. Телефонмен келіскенде басқа тақырыпты айтып, эфирге келгенде мүлде бөлек тақырыпты талқылап шатқанда студия қонағының өзі түсінбей қалып жатады. Ал ондайда біздің журналистер «шын тақырыпты айтып шақырсақ, келмейтін едіңіз ғой» деп қонақтың өзін айтыптап жіберуге де арланбайды. Мұндайда әріптестерге не айтарыңды да білмейсің. Ал айта қалсаң, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деп өзіңізге қарсы шықса таңғалмаңыз. Осы орайда тележобалардағы әріптестер тарапынан «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген уәжді де естіп жүрміз. Деуін дейді ғой, бірақ істеп жатқан, эфирге шығарып эатқан бағдарламалары сын көтермейді. Айтқан көрерменнің өзінен мін іздейді. Қош делік...

Телевизиялық жобаларда эфирге қонақ шақыру мен  рейтингтің де маңызды екенін білеміз. Бірақ біреудің тағдырын талқылайтын бағдарлама жасарда кейіпкерлерді асығыс шақырып, ойлануға мұрша бермей қоюға болмайды. Керісінше, эфирге дейін жағдай қандай, эфирден кейін қандай болатынын айтып, түсіндіріп барып шақырған жөн. Мың жерден маңызды ток-шоу, әлеуметтік бағдарлама болса да, адамның тағдырына бей-жай қарау дұрыс емес. Телеарналардың тәрбиелік ықпалын үнемі ескеріп, «Біз қандай тәрбие беріп жатырмыз?» деген сұрақты басты назарда ұстаған жөн.

Түрлі ток-шоулар, жеңіл-желпі музыкалық бағдарламалар белең алып, онымен қоймай қазақша бағдарламаларға орыстілділерді қосу, жеңіл әуен, жартылай жалаңаштанған арзан шоулар мәселесін былай қойғанда, журналистердің жұмыстарының өзі күйіп тұрған мәселеге айналды.

Жоғарыдағыдай бағдарламалар жасап, студияның қонағын алдап шақыру, ұлт мәселесін ушықтыру, бір адамның тағдырын бір эфирмен «шешу» – бәрі де жүрдім-бардым қарайтын мәселеге айналды. Осыдан кейін билік пен халық арасында көпір болатын нағыз журналистерге деген сенім азаяды. Өйткені жолдан қосылған, сөздің қадірі мен ұлттың рухын сезінбейтін, тілге жаны ашымайтын, тек еңбегінің ақысын алсам болды деп жұмыс істейтін тілшілердің қатары көбейді.

Бізді журналистикада оқытқанда «шыншыл бол, алдама, өз ұстанымың болсын және одан қайтпа» деп оқытты, үйретті. Ал сонда студия қонақтарын алдап шақырып жүрген кімдер? Қайдан шыққан тілшілер? Түсініксіз.

Жалпы мұндай бағдарламаларды эфирге шығарар алдында «көркемдік кеңес» қарауы тиіс еді. Өкінішке қарай, қазір біздің елде кез-келген саладағы көркемдік кеңестің ешқандай міндеті мен қажеті болмай қалған сияқты. Осы орайда «көркемдік кеңестерді» жаңғыртуды қайта қолға алмасақ - болмайтынын айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Онсыз көрерменнің эстетикалық талғамын бұзып, адамның бойына жат құндылықтар насихатталады. Сосын талғам да бұзылып, сана уланады. Дүниетаным өзгеріп, ұлттық код көмескіленеді. Сол үшін «көркемдік кеңеске» білімді һәм білікті мамандарды қосып, журналистердің жұмысы мен телебағдарламалардың сапасын арттыру керек сияқты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген халық арасындағы сөз «ел болам десең, эфиріңді түзе» деп айтылып жүргені де бекер емес шығар.

Біз тек телеарналардағы қонақ-редакторлардың кәсібіне адал болып, журналистикаға кір келтірмесе дейміз. Әйтпесе бұдан да маңызды мәселелердің бар екені жасырын емес.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ