27 мау, 2019 сағат 14:29

Арыс станциясынан өтетін пойыздар қозғалысы реттелді

Кешеден бері (26 маусым) теміржолдар оқ-дәріден  тазартылып, жөнделіп,  байланыс желісіне кернеу берілген соң басты жолдарда қозғалыс қалпына келтірілді, деп хабарлайды Қазақстан темір жолының баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Арыс-Талдықұдық - жұп жол бойынша, Шағыр-Талдықұдық - тақ жол бойынша, Қалаш-Арыс-2 - жұп және тақ жол бойынша, Ақдала-Арыс-2 - жұп жол бойынша  қозғалыс ашылды.   Алғашқы №369 «Новосибирск-Ташкент» жолаушылар пойызы 26 маусымда Шымкент станциясынан 22 сағат 30 минутта жөнелтілді. Арыс станциясы тек басты жолдармен жүру үшін ашық.

Сұрыптау және қабылдап-жөнелту жолдары қозғалыс үшін әлі жабық. 26 маусымнан 27 маусымға қараған түні Арыс станциясы бойынша 23 пойыз өткізілді, оның ішінде 7 жолаушы, 8 контейнерлік, 8 жүк пойызы.

Қазіргі уақытта кестеге пойыздарды енгізу бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.