08 сәу, 2026 сағат 12:07

ТМД аумағында алғаш рет: Қазақстанда фишингтік SMS таратқан қылмыстық топ ұсталды

Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен бірлесіп және TELE2 ұялы байланыс операторының киберқауіпсіздік мамандарының қатысуымен азаматтардың деректері мен қаражатын ұрлауға бағытталған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство мәліметінше, бұл – ТМД аумағында осындай схеманың алғаш рет әшкереленуі.

Қаскөйлер арнайы құрылғы – SMS-бластерді пайдаланып, ұялы байланыс операторларының базалық станцияларының жұмысын имитациялаған. Құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, пайдаланушылардың телефондарының автоматты түрде соған қосылуына және қорғанысы әлсіз желіге ауысуына себеп болған. Соның нәтижесінде абоненттерге жаппай жалған хабарламалар жіберілген.

Аталған технология байланыс операторларының қорғанысын айналып өтіп, сағатына 100 мыңға дейін SMS таратуға мүмкіндік берген. Қылмыскерлер құрылғыларды автокөліктерге орнатып, оларды базарлар мен сауда-ойын-сауық орталықтары маңында пайдаланған.

Хабарламалар Beeline және Halyk Bank атынан жіберілгендей болып көрінген. Азаматтарға бонустарды айырбастау ұсынылып, сілтемеге өткен жағдайда олар фишингтік сайттарға бағытталған. Онда пайдаланушылар жеке мәліметтерін, банк картасының деректерін, CVV-кодын және SMS арқылы келген растау кодтарын енгізген.

Осы тәсіл арқылы алаяқтар азаматтардың құпия ақпараттары мен банктік қаражатына қол жеткізген.

Жедел іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстық топ ерте кезеңде анықталып, ұсталды. Бұл ірі көлемдегі қаржылық шығындардың алдын алуға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Агенттік азаматтарды цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, тексерілмеген сайттарда жеке деректерді енгізбеу және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.