29 сәу, 2021 сағат 09:15

Тексеріске қарсылық білдірген: Түркістанда сотталған 6 адам өздерін жарақаттады


Кісі өлтіру, қарақшылық және есірткі саудасы үшін сотталған 6 адам абақтыдағы тінту шараларына наразылық ретінде өз-өздерін жарақаттаған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістан облысында сотталған 6 азамат баршаның көзінше өз денелерін болымсыз деңгейде кескіледі. Мұның себебін олар тінту жұмыстарымен және қауіпсіздік мекемесінің ішкі тәртібімен келіспегендіктен деп түсіндірді. Тінту шаралары Ұлттық ұланның, өзіндік қауіпсіздік қызметінің, прокуратура өкілдерінің және облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшылығының қатысуымен өткен болатын», - деп жазады комитеттің баспасөз қызметі.

Тінту қорытындысында пайдалануға тыйым салынған заттар табылып, тәркіленген.

«Қатаң тәртіпте жазасын өтеп жатқан бірнеше сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің заңды талаптарына бейәдеп сөзбен наразылық білдіріп, өздеріне қасақана дене жарақатын салды. Оларға дереу медициналық көмек көрсетілді. Қазір жағдайлары қанағаттанарлық, ауруханаға жатқызуды қажет етпейді», - дейді Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Талғат Әбдіранбаев.

Сондай-ақ, департамент бастығы өзеріне қол салғандардың кісі өлтіру, қарақшылық және есірткі саудасы үшін жазасын өтеп жатқанын атап өтті. 

Қарсылық шарасының бастамашысы Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармағы (есірткі құралдарын заңсыз сақтау, дайындау және өткізу) бойынша 10 жылға сотталған 28 жастағы азамат екені белгілі болды.

«Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Аталған факті тіркеліп, қызметтік тергеу жүргізілуде. Қазір ИЧ-167/9 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін 485 сотталған ұсталады», - деп жазылған департаменттің дерегінде.