Нұр-Сұлтанның Есіл аудандық сотында мемлекеттік ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» компаниясының бұрынғы басшысы Берік Шәріптің үстінен қозғалған іс бойынша екінші сот отырысы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Екінші сот отырысында айыпталушының адвокаттары сотқа бас куәгер ретінде жәбірленуші тараптан Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды шақыруға өтінішхат берді. Себебі жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Бауыржанұлы судья мен адвокаттар тарапынан қойылған бірнеше сұраққа толыққанды жауап бере алмады.
Өткен сот отырысында прокурор Дастан Күпербаев «СҚ-Фармация» экс-басшысының заңсыз әрекеттері салдарынан Қазақстанның екі мыңнан астам дәрігері коронавирусты жұқтырды деп мәлімдеген болатын. Бірақ бүгінгі сот отырысына прокурор денсаулық жағдайына байланысты қатыспады.
«ҚПК 99 реті бойынша соттан Алексей Владимирович Цойды куәгер ретінде шақыруды сұраймын. Өтінішхат немен байланысты десеңіз, жәбірленуші тараптың өкілі қойылған жүз сұрақтың жартысына жауап бере алмады. Ол көп нәрседен хабары жоқ екенін айтады. Біз жан-жақты зерттеу барысында барлық тағылған айыптарға көз жеткізу керекпіз», - деді Берік Шәріптің төрт қорғаушысының бірі Ерлан Мәкенов.
Судья Қанат Бисембаев жәбірленуші тараптың адвокаты келесі сот отырысында да сұрақтарға қанағаттанарлықтай жауап бермейтін болса, Денсаулық сақтау министрлігінен жауапты маманды алдыратынын айтты.
«Мен жәбірленуші тараптың өкіліне қойған сұрақтарыма дайындалуды тапсырдым. Қажет болса, Оралов, сіз министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан жауап алуға өтінішхат бере аласыз, сосын біз оларды сотқа шақыра аламыз. Егер сот тиісті жауап ала алмай, министрді шақыру қажет деп тапса онда мен адвокаттың өтінішхатына ораламын. Оның үстіне куәгерлер тізімінде экс-министр Біртанов бар. Біз бұл сұрақтарды оған да қоямыз»,- деді судья.