Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Татарстанның Қазан қаласында болған жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазан қаласының мектебінде болған террорлық акт кезінде қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Қайғылы жағдай ешкімді бейжай қалдырған жоқ, әрқайсымыздың жүрегімізге ауыр тиіп, зор күйзеліспен қабылдадық. Біз осы қайғылы оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Кеше осы мәселелер бойынша кеңес өткіздім. Ағымдағы жағдайға талдау жүргізуді және жақын арада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейлерде қосымша кешенді шаралар қабылдауды тапсырдым» деп жазды министр Facebook парақшасында.
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл тек бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелері ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайдағы қызметкерлер мен оқушылардың мінез-құлқы мәселесі де аса маңызды. Көп нәрсе нақты және дамыған әрекеттерге байланысты.
«Психологиялық қызметтердің жұмысына және қолайлы жағдайлар жасауға назар аудару керек. Бұл - үлкен және бірлескен жұмыс. Балалар – біз үшін ең қымбат және олардың қауіпсіз болуына бар жағдайды жасауымыз қажет» деп түйіндеді сөзін Білім және ғылым министрі.
Еске сала кетейік, 11 мамырда Қазан қаласы Файзи көшесіндегі мектепте екі адам оқ жаудырған болатын.
Бұған дейін атыс кезінде 9 адам қаза тауып, тағы 21 адам зардап шеккені хабарланған еді.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласындағы гимназияда ресейлік оқушылардың қаза табуына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Қайғылы жағдайға байланысты Татарстан Президенті Рустам Минниханов 12 мамырды республикада аза тұту күні деп жариялады.