Фото: ҚР МАМ
Еліміздің балабақшалары мен колледждерінде дау-дамайларды бейбіт жолмен шешуге бағытталған медиация қызметтері құрылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл бастаманы ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолға алып отыр. Жаңа жүйе балалар, студенттер, педагогтар мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медиация қызметі буллингтің алдын алуға да бағытталған.
Балабақшаларда медиация құрылымы тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы келіспеушіліктерді шешуге көмектеседі. Бұл балалардың ерте жастан тіл табысу, бөлісе білу, ортақ мәмілеге келу және жанжалдарды бейбіт жолмен шешу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ал колледждерде жаңа тетік студенттер арасындағы араздықты азайтып, қорлық көрсету жағдайларының алдын алуға бағытталады. Сондай-ақ білім алушылар арасындағы қақтығыстарды төмендетуге мүмкіндік береді.
Жұмыстың бірыңғай жүргізілуі үшін Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген әдістемелік ұсынымдар мен ережелер негізге алынады. Құжатта дауларды шешу мен агрессияның алдын алудың нақты жолдары көрсетілген.
Медиация топтарының құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік мамандар, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ жас ерекшелігіне қарай білім алушылардың өздері де кіреді.
Айта кетейік, бұл тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында сынақтан өтіп, өз тиімділігін дәлелдеген.
