Фото: daily.afisha.ru
Таиландта ауыр хәлге түсіп, жасанды комаға енгізілген қазақстандық турист есін жиды. 36 жастағы азамат өзіне қолдау көрсеткен отандастарына алғыс айтып, арнайы видеоүндеу жолдады. Алайда оның туыстары науқасты Қазақстанға жеткізу мәселесін әлі шеше алмай отыр, деп хабарлайды Ult.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алексей Вивтоненко демалыс кезінде аяқ астынан сырқаттанып, дәрігерлер оған жедел панкреатит диагнозын қойған. Ауру асқынып, ағзалары істен шыға бастаған соң науқас екі апта бойы жасанды комада жатқан. Реанимациядағы бір тәуліктің өзі шамамен 1 миллион теңгеге түскен.
Осы кезде қазақстандықтар бейжай қалмай, отбасыға қаржылай және моральдық көмек көрсеткен. Есін жиған Алексей арнайы видео арқылы алғысын білдіріп, қазір жағдайы біршама жақсарғанын айтқан.
Дегенмен науқастың емі әлі аяқталған жоқ. Ұзақ уақыт қозғалыссыз жатқандықтан, оның денесінде ойылулар пайда болып, ота жасауға тура келген. Сонымен қатар дәрігерлер өкпеден тромб анықтап, ішіне дренаж түтіктерін орнатқан. Қазіргі уақытта ол өздігінен отыра да алмайды.
Науқастың туыстарының айтуынша, Пхукеттегі ауруханада ем жалғасып жатыр. Алайда шетелдік азаматқа көрсетілетін барлық медициналық көмек ақылы болғандықтан, отбасы қарызға батып кеткен. Олар науқасты Қазақстанға жеткізу әлдеқайда тиімді болар еді дейді.
Бұл мәселеге қатысты Мұрат Әбенов мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті. Ал Денсаулық сақтау министрлігі науқастың қазіргі жағдайы медициналық авиациямен тасымалдауға сәйкес келмейді деген ұстанымда.
Туыстары болса шетелде ем алып жатқан азаматқа көмек сұрауын әлі тоқтатпаған.
