18 нау, 2026 сағат 12:14

Моншадағы төбелес: әйелге 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Фото: medicalbusinesschool.com

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында моншада жанжал кезінде төбелеске ұласқан оқиға бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.

Балаларымен келген әйел моншаға төлеу ақысына келіспей, қожайынмен жанжалдасып, оны смартфонмен ұрған. Сараптама қорытындысы бойынша жәбірленушіге бірінші дәрежелі ми контузиясы және жабық ми жарақаты келген, бұл өмірге қауіпті денсаулыққа ауыр зиян санатына жатады.

Айыпталушы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айыпталып, кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жәбірленуші сотта оны кешіретінін айтты.

Прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, бірақ жазаны орындау жас балалардың болуына байланысты 5 жылға кейінге қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енді.