11 мам, 2021 сағат 20:47

Риддердегі өрт сөндірілді


2021 жылғы 11 мамырда 18 сағат 20 минутта Риддер қаласындағы орман өрті 287,4 га алаңда ауыздықталды. ​Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли​ ​хабарлады, деп жазады Baq.kz агенттігі.​

Өрт 2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінде сағат 13.55-те орманға жайылған өрттен туындаған болатын. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетіп, 5 көшеде 31 үй, 5 жеңіл автокөлік және шаруашылық құрылыстарының 7 учаскесінде, сондай-ақ ТҚС үй-жайын от шарпыған. Өртенген үйлерде 72 адам тұрған. Қазір 13 азамат жатақханаға, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылды. Өртті сөндіруге 493 жеке құрам, 69 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Риддер қаласына қарасты Лесхоз кенті тұрғын үйлеріндегі өрт толығымен сөндірілді. 11 мамырда "Қазавиаорманқорғау" тікұшағымен әуеден барлау жасалды.  Ұшу нәтижелері бойынша өрттің жалпы ауданы – 287,4 га, оның 272,4 га – орман аймағы анықталды. Құрамында 138 адам және 5 Орман шаруашылығы техникасы бар қарауылдау жүргізіледі - дейді ресми өкіл.

Риддер қаласы әкімінің қаулысымен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.​ Материалдық шығынды анықтау мақсатында қалалық әкімдіктің зардап шеккен тұрғын үй нысандарын тексеру жөніндегі комиссиясының жұмысы ұйымдастырылды. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ 


ШҚО полиция департаментінің күшімен тонау фактілерінің жолын кесу мақсатында өрт болған жерде тұрғын үйлерде кезекшілік ұйымдастырылды.​  ШҚО ТЖД Дағдарыс орталығында және өрт болған жерде штабтар ашылып, 8(7232) 55-38-19 нөмірі бойынша зардап шеккендер үшін жедел байланыс желісі жұмысын жалғастыруда. ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының психологтары мен дәрігерлері өрт кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​

Халыққа көмек көрсету мәселесі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің тұрақты бақылауында.

Естеріңізге сала кетсек, 10 мамыр күні ШҚО-дағы Риддер орман шаруашылығында өрт шықты. Дала өрті 310 гектар аумақты шарпып, бір адам қаза тапты. Өртке байланысты шұғыл желі іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырды. Шұғыл желі іске қосылды.

Полиция қызметкерлері өртке қатысты күдіктіні ұстады.