27 сәу, 2021 сағат 14:16

Маңғыстаулық кеденшілер Түркиядан келген контрабандалық ірі жүкті анықтады


«Құрық» кеден бекетінің қызметкерлері Маңғыстау көлік прокуратурасымен бірлесіп, Еуразиялық экономикалық одақ шекарасы арқылы ірі көлемде контрабандалық тауар алып өту фактісін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Маңғыстау облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, контрабандалық жүк тиелген екі ауыр жүк көлігі Түркиядан «Құрық» теңіз портына келді. Тауарға ілеспе құжаттарға сәйкес, тауарды түрік өндірушілері Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарының атына жіберген.

«Селективті бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесінің көмегімен, сондай-ақ ірі габаритті жүктер мен көлік құралдарының ішіндегісінің бейнесін алу және талдау үшін иондалған сәуле шашатын техникалық құралдың көмегімен алынған тексеріс нәтижесінен кейін, тасымалданып бара жатқан жүкті кедендік қосымша тексеру шешімі қабылданды. Оның барысында құжатта көрсетілген тауардан бөлек, халық тұтынатын өзге де тауарлар бары белгілі болды», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Алдын ала мәлімет бойынша, контрабандалық жолмен жеткізілмек болған тауардың саны жүзден астам жүк орынын құрайды. Материалдар Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды.