Форт-Шевченко қаласында 3 тоннаға жуық бекіре балығын үйінде сақтаған тұрғын анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түпқараған аудандық полиция бөлімінің кезекші пультіне Форт-Шевченко қаласында жекеменшік үйде бекіре тұқымдас балықты заңсыз сақтау дерегі туралы хабарлама келіп түскен.
Тінту іс-шараларын жүргізу барысында жеті тоңазытқыштан жалпы салмағы 2 тонна 730 келі болатын 633 дана бекіре балығы табылды.
«Полиция қызметкерлері балықты тәркіледі. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.