15 шіл, 2021 сағат 15:35

Қызылорда түрмесіне цемент арасына есірткі мен шприц жасырып кіргізбек болған


Қызылорда облысында қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері бір аптаға жуық уақыттың ішінде 190-нан астам тыйым салынған затты тәркілеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Түрмеге тыйым салынған «тапсырыстарды» жеткізу үшін заңбұзушылар түрлі тәсілдер қолданған. 

Мысалы, абақты аумағында құм блогын соғумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке цемент әкелген «КамАЗ» жүк көлігін тексеру кезінде 190 тыйым салынған зат тәркіленген. 

«Оқиға 9 шілдеде болды. Кешкі сағат алтылар шамасында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЗК-169/5 мекемесінің алдына цемент тиелген көлік келіп тоқтаған. 44 жастағы «КамАЗ» жүргізушісі колония аумағында орналасқан кәсіпорынға 196 қап құрылыс қоспасын әкеле жатқанын айтқан. Тексеру барысында жедел бөлім қызметкерлері 7 қаптан 190-нан астам тыйым салынған зат тауып, тәркіледі. Атап айтсақ, 63 шприц, шамамен 0,5 келі есірткі, 43 ұялы телефон, 14 жұп құлаққап, 13 SIM-карта, 35 қауаттағыш құрылғы, 1 шағын камера, 10 қорап ойын картасы, жарты литрлік құтыларға салынған 12 «насыбай» бөтелкесі және 3 литр спирт шықты», - деп жазады облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.

«Тапсырысты» орындаушылар ұялы телефондар мен есірткінің сенімді жерде сақталуына қатты көңіл бөлген көрінеді. 

Цемент толы қаптарды жарып қарау арқылы ғана анықтау мүмкін болған. 

Аталған факті бойынша қалалық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу бастады. 

Ал абақты аумағында құм блогын шығаратын серіктестікпен жасалған келісімшарттың күші жойылды. 

Аталған кәсіпорын бұл мекеме аумағында 2017 жылдан бері жұмыс істеп келген. 

Ал 14 шілдеде ЗК-169/1 мекемесінің сотталуышларына жолданған азық-түлікті тексеру кезінде майонез қорабынан SIM-картасы бар ұялы телефон тәркіленген.

«Тергеу барысында тапсырыс иесі осындағы ұрлық жасағаны үшін сотталған адам екені белгілі болды. Енді оның сыртттағылармен байланысы шектеледі. Ал тапсырысты жеткізуші Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 481-бабы бойынша жауапқа тартылды», - дейді Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД бастығы Шаймерден Ескенкелдиев. 

Оның айтуынша, Қызылорда облысында ҚАЖ аумақтық департаментіне қарасты 3 мекеме бар. 

Ол сондай-ақ, құрылыс материалы арқылы есірткі кіргізу сияқты қылмыстық әрекеттер облыс аумағында бірінші рет тіркеліп отырғанын, бұдан былай абақты аумағындағы жұмыс берушілердің қызметіне қатаң бақылау орнатылатынын айтты.