Қазақстанда интернет алаяқтығымен байланысты қылмыстар саны артқан. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы жылдары бүкіл әлемде және Қазақстанда интернет желісі арқылы жасалатын қылмыстардың, оның ішінде интернет-алаяқтықтың саны артты. Жыл басынан бері үш айда ішкі істер органдары осындай 6 мыңнан астам қылмысты тіркеді», - деді спикер ҚР ІІМ апталық брифингінде.
Мәселен, Instagram желісінде әйелдер киімін сату туралы жалған хабарландыру жариялаған Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша 40 жәбірленуші анықталған және тергеу жалғасуда.
«Қарағанды облысында да ұсталған азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу барысында интернетте автобөлшектер сату бойынша жалған хабарландыру арқылы қосымша 23 алаяқтық жасағаны анықталды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдалана отырып, онлайн несиелер рәсімдеу жолымен 50 ұрлық жасаған алаяқ ұсталды», - деді Қ. Нұрмағамбетов.
Министрліктің хабарлауынша, жыл басынан бері киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бағдарламасы жүріп жатыр. Оның аясында мемлекеттік органдармен, қаржы мекемелерімен, ұялы байланыс операторларымен, қызмет провайдерлерімен және онлайн платформалармен өзара алдын алу шаралары жасалады.
Сонымен бірге, тоқсан сайын республика аумағында киберқылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған жедел-алдын алу шаралары («Anti-fraud», «Hi-tech») жүргізіледі.