Сурет: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі
Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары сот үкіміне қатысты үш аппеляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Адвокат Ерлан Ғазымжановтың сөзінше, апелляция мерзімінің соңғы күні – 28 мамыр.
"Бүгін сот кабинеті арқылы сағат 17:00 шамасында апелляция бердік. Қазір тергеу изоляторында отырмыз. Апелляциялық шағымды әріптестерімізбен талқылаймыз. Әркім өз атынан жазады. Біз, іс қаралған бапты өзгерту бойынша талап қоямыз", – деді адвокат Ерлан Ғазымжанов.
БАҚ өкілдері "Бишімбаевтың өзі шағым түсіре ме" деген сауалына адвокат "шағым түсіреді" деп жауап берді.
Адвокат Ерлан Ғазымжанов атап өткендей, апелляцияда 20-ға жуық процессуалдық заң бұзушылықтар көрсетілген.
Бишімбаевты қорғаушылардың пікірінше, судья сот талқылауы кезінде олқылықтарға жол берген.
27 мамырда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша 4 жылға сотталған Бақытжан Байжанов апелляциялық шағым түсірген.
Айта кетейік, Ерлан Ғазымжанов қоқан-лоқыға байланысты полицияға арыз жазғаны да белгілі болды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция бөлімі жүргізіп жатыр.
Еске салайық, 13 мамырда өзінің әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал оның туысы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.