Фото: freepik
Алматыда көлік сатып алмақ болған ерлі-зайыпты алаяқтықтың құрбанына айналып, 17 миллион теңгесінен айырылды. Олар "Sanzhar Rulit" автосалонынан гибридті көлік алмақ болғанымен, ақыры көліксіз қалған. Бұл туралы Kozachkov offside Telegram арнасында хабарланды.
Оқиға өткен жылдың қазан айында болған. Ерлі-зайыпты автосалонға барып, көлік таңдаған. Мәліметтерге сәйкес, салон иесі Абдаллах-Санжар Асқаров олармен жеке сөйлесіп, 500 мың теңге жеңілдік ұсынған. Кейін құжаттарды рәсімдеу сату менеджері Назерке Қарабековаға тапсырылған.
Тергеу деректеріне қарағанда, менеджер сатып алу-сату келісімшартын дайындап, клиенттерден ақшаны компанияның ресми шотына емес, өзінің танысының есепшотына аударуды талап еткен. Алғашында 7,5 миллион теңге, кейін 7,4 миллион және тағы 2 миллион теңге сұратқан. Нәтижесінде ерлі-зайыпты "Deepal" маркалы автокөлік үшін жалпы 16 миллион 900 мың теңге аударған.
Менеджер көлікті 2025 жылдың соңына дейін жеткізіп беремін деп уәде еткен. Алайда көлік сатып алушыларға берілмеген. Біраз уақыт өткен соң ерлі-зайыпты алданғандарын түсініп, ақшаларын қайтаруды талап еткен. Осы кезде келісімшарттағы қолтаңбаның жалған, ал мөрдің түпнұсқа емес екені белгілі болған.
Жәбірленушілер полицияға жүгініп, іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот барысында Назерке Қарабекова өз кінәсін мойындамай, ақшаны үшінші тұлғаға бергенін алға тартқан. Алайда бұл сөздерін растайтын нақты дәлелдер мен куәгерлер табылмады.
Нәтижесінде Жетісу аудандық №2 соты 30 жастағы күдіктіні алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
