Фото: Ашық дереккөз
Германия астанасы Берлинде Қазақстан азаматы шетелдік арнайы қызметке тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы Германияның Федералдық прокуратурасына сілтеме жасап хабарлады.
Аталған жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Германияның құзырлы органдарына ресми сұрау жолдағанын мәлімдеді. Ведомство қазіргі уақытта ресми жауап күтіліп отырғанын хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті – Қазақстан азаматы Сергей К. Ол 28 сәуір күні Федералдық прокуратура тарапынан қамауға алынып, оның тұрғылықты мекенжайында, сондай-ақ іс бойынша айып тағылмаған тағы бір тұлғаның үйінде тінту жүргізілген.
Бас прокурордың нұсқасына сәйкес, Сергей К. Ресейлік барлау қызметінің агенті ретінде әрекет етті деген күдікке ілінген. Ол Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі және елдің қорғаныс өнеркәсібіне қатысты мәліметтерді, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары мен робототехника саласындағы компаниялар туралы деректерді жинап, жеткізген болуы мүмкін.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
