Фото: Видеодан скриншот
Алатау қаласына қарасты Дәулет ауылында 70-тен астам отбасы баспанасынан айырылып қалу қаупінде тұр. Бұған себеп – осыдан он жыл бұрын рәсімделген жер телімдерінің құжаттары жалған болып шығуы. Кей тұрғындарға үйлерінің сүрілетіні туралы ескерту жасалған, деп хабарлайды Ult.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындардың айтуынша, олар он жылдан бері жер мен үй құжаттарын толық рәсімдей алмай келеді. Соның салдарынан ауылда инфрақұрылым мәселесі шешілмеген: жарық, газ, жол жоқ, ал тұрғындардың көпшілігі әлі күнге дейін тіркеуге тұра алмаған.
«Үйдің құжатын ала алмай жүргеніме 10 жыл болды. Балаларым тіркеуде жоқ, газ да, су да жоқ. Қайда барсақ та, “ертең” деп шығарып салады», – дейді тұрғын Наурызхан Қалаш.
Ал Мәдина Байдолла жер құжаттарының жалған екенін тек екі жыл бұрын білген. Оның айтуынша, үйіне 15–20 миллион теңге жұмсаған. Енді баспанасынан айырылып қалса, балаларымен қайда барарын білмейді.
«Екі балам бар, тағы да босанайын деп отырмын. Егер үйді тартып алса, барар жерім жоқ. Тіркеу болмаған соң, емханаға да, басқа қызметтерге де қол жеткізе алмай отырмыз», – дейді ол.
Тіркеудің жоқтығы тұрғындардың әлеуметтік құқықтарына да әсер еткен: балаларын мектепке орналастыру, медициналық көмек алу қиынға соғып отыр. Құжат мәселесін көтергенде, тұрғындардың айтуынша, түрлі мемлекеттік органдар жауапкершілікті бір-біріне сілтейді.
Ал жергілікті әкімдік мәселені біржақты шеше алмайтынын мәлімдеді. Шенеуніктердің айтуынша, кей тұрғындар жерді толық рәсімдемей, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
«Кейбірінің жалға алу мерзімі өтіп кеткен, кейбірі мемлекеттік актіні алмаған. Біз сараптама жүргіздік. Қазір берер кеңес – мәселені тек сот арқылы заңдастыру. Мүмкін арнайы комиссия құрылып, оң шешім қабылданар, бірақ әзірге басқа жол жоқ», – деді Алатау қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрдос Сылдырбаев.
Қазір тұрғындар жалғыз баспанасынан айырылып қалмаудың жолын іздеп, әділ шешім күтуде.
