Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік желіде әскерде сексуалдық зорлық көргенін айтып, қаржылай көмек сұраған азаматтың оқиғасы жалған болып шықты. Алаяқтық пен көрінеу жалған ақпарат таратты деген күдікпен 23 жастағы елорда тұрғыны ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
23 ақпан күні Threads әлеуметтік желісінде белгісіз аккаунт арқылы жарияланған жазба көпшіліктің назарын аударған. Онда автор әскерде жүрген кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, содан бері қудалаудан қорқып жүргенін айтқан. Ол бір жыл бұрын әскерден оралғанын, бірақ басынан өткен оқиғаны әлі ұмыта алмай жүргенін жазған.
Жазбада командирі қорқытып, жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегенін айтып, оқиғаның «қорқынышты» тұстарын егжей-тегжейлі сипаттаған. Осы арқылы желі қолданушыларының сеніміне кіріп, өзіне қаржылай көмек сұраған. Тіпті қауіп барын алға тартып, шетелге кетуі керек екенін айтып, банк реквизиттерін де жариялаған.
Пост авторы жиналған ақшаны елден кетуге жұмсайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар бұл жағдайдан кейін депрессияға түскенін, бұрынғы өміріне орала алмай жүргенін жазып, жұрттың жанашырлығына әсер етуге тырысқан.
Алайда желі қолданушыларының бірі шотты тексеру үшін полицияға жүгінгеннен кейін бұл оқиғаның күмәнді тұстары анықтала бастаған. Жедел қызметкерлер тек реквизиттерді ғана емес, оқиғаның өзін де тексерген.
Нәтижесінде банк есепшоты 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені белгілі болды. Оның айтуынша, хостелде танысқан адам қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдап беруін өтінген. Бұған сенген жасөспірім жеке деректерін берген. Екі күннің ішінде оның шотына 100-ден астам аударым түскен.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында жалған жазбаның авторы ұсталды. Тексеру кезінде оның әскерде мүлде болмағаны және әскери қызметке еш қатысы жоқ екені анықталды.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, күдікті жалған ақпаратты әдейі ақша жинау мақсатында таратқанын мойындаған.
Қазір көрінеу жалған ақпарат тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сот санкциясымен қамауға алынған. Оған бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін.
Полиция азаматтарға жалған ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.
