28 сәу, 2021 сағат 11:15

Алматыда жолдың қарсы бетіне шыққан көлік жүргізушісі қамауға алынды


Алматыда жолдың қарсы бетіне шыққан көлік жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматыда жол ережесін қасақана бұзған ер адам анықталды. Бұл –1997 жылы туған Т. есімді азамат. Алматы облысының тұрғыны. 

Жол жүру ережесін өрескел бұзған жүргізуші бес тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар, 155 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.

«Құқық бұзушының жолаушысы түсірген кадрларда барлығы анық көрсетілген. Әрине, жолда мұндай іс-әрекетке жол берілмейді. Қарбалас көше бойымен қарсы жолаққа шығумен қатар, жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған дабылына өтіп кеткен, сақтандыру полисі жоқ, автокөліктің әйнектері қараңғыланған, апаттық жағдай туғызып, тіркеуден шешілген көлік құралын басқарған. Сонымен қатар, жүргізушінің әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы бес тәулікке қамауға алынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 155 мың теңге. 11 әкімшілік хаттама толтырылды, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.