09 сәу, 2026 сағат 11:31

Аграрлық субсидияларды жымқырғандар 14 жылға дейін сотталды

Фото: ашық дереккөз

Қостанай қаласында мемлекеттік субсидияларды жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша сот үкімі шықты деп хабарлайды Ult.kz.

Істі Қостанай облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеген. Тергеу мәліметінше, «Beef Export Group» ЖШС басшысы Пархоменко жетекшілік еткен қылмыстық топ субсидияларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғалары, сондай-ақ аудандық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ветеринариялық мамандар тартылған.

Қаскөйлер ірі қара малды сатып алу және қайта өңдеу туралы жалған құжаттар рәсімдеу арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі түрде субсидия алып отырған. Қаражат жалған жеткізілім ретінде көрсетіліп, ақпараттық жүйелерге енгізілгеннен кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып, кейін бақылаудағы ұйымдардың шоттарына қайта аударылған.

Тергеу барысында қылмыстық әрекеттерге заңды сипат беру үшін жалған бухгалтерлік құжаттар жасалып, олардың негізінде қайта-қайта субсидия алуға өтінім берілгені анықталды.

Нәтижесінде мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірілген. Күдіктілер тергеу барысында 107 млн теңгеден астам қаражатты ерікті түрде өтеген.

Сот үкімімен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, топтың 14 мүшесіне 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ жалпы құны 3 млрд теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары және 700 млн теңге бар.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.