08 сәу, 2026 сағат 17:20

Қарағанды облысында экс-банк қызметкері зейнеткерлерді қарызға батырған


Фото: inbusiness.kz


Қарағанды облысының Осакаров ауданында банктің бұрынғы менеджері алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол зейнеткерлердің атына несие рәсімдеп, қаражатты өз пайдасына аударып отырған, деп хабарлайды Ult.kz.


Полицияға алғаш болып 67 жастағы аудан тұрғыны шағымданған. Оның айтуынша, белгісіз біреу атына шамамен 1,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Әйел бұған дейін несие мақұлданбады деп ойлап жүрген.


Тергеу барысында күдікті тез анықталды. Ол – банктің 36 жастағы бұрынғы менеджері. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол клиенттердің несие алуға тапсырған құжаттарын пайдаланып, мақұлданған қаражатты олардың келісімінсіз өз шотына аударып отырған.


Кейін бұл жағдайдың жалғыз дерек емес екені белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктінің әрекетіне байланысты тағы алты арыз тіркелген. Барлық жәбірленушілер – зейнет жасындағы азаматтар.


«Келтірілген шығынның жалпы көлемі есептеліп жатыр», – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуаныш Орынбетов.



Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция азаматтарды қаржылық құжаттарға мұқият болуға және күмәнді операциялар анықталған жағдайда дереу хабарлауға шақырады.