09 сәу, 2026 сағат 16:15

«20 рет пышақтаған»: Ұлытау облысында төрт баланың анасын аяусыз өлтіріп кетті

Фото: әлеуметтік желі

Ұлытау облысында төрт баланың анасын пышақтап өлтірді. Күдікті ретінде марқұмның 33 жастағы бірге тұрған азаматы танылды, деп хабарлайды Ult.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Жақындарының айтуынша, ер адам жұмыс істемеген, ішімдікке салынып, әйелге жиі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен. Қайғылы оқиғаға аз уақыт қалғанда әйел онымен айырылысамын деп шешім қабылдаған, бірақ оған өз пәтерінде уақытша тұруға рұқсат берген.

Оқиға болған күні әйел өз дүкенінде болған. Сағат 13:55 шамасында бірге тұрған адамы сол жерге келіп, оған пышақпен шабуыл жасаған. Туыстарының сөзінше, ер адам әйелге шамамен 20 рет пышақ сұғып, маңызды ағзаларын зақымдаған. Шабуылдан кейін ер адам өзіне қол жұмсамақ болыпты. Қазір ол Жезқазған қаласындағы ауруханада жатыр.

Ведомство өкілдері күдікті емделіп шыққан бойда бірден тергеу изоляторына қамалатынын атап өтті.

Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Ал марқұмның туыстары істің әділ тергелуін талап етіп, балаларға қамқоршылық рәсімдеуге ниетті.